Қылмыс

Сатушылар тапаншамен қаруланған ресейлік тонаушыларға тойтарыс берді



 

М. Жұмабаев ауданына қонаққа келген екі ресейлік азамат  Булаев қаласының тыныштығын қашырды. Араққа тойып алған 23 және 27 жастағы  жігіттер көңілді кешті жалғастырмақ болады. Ойларын жүзеге асыру үшін азық-түлік дүкенін тонамаққа әрекет еткен. Кезіккен сауда орнына баса көктеп кіріп, сатушыны тапаншамен қорқытады. Қорқып кеткен сатушының жан айқайынан өздері шошып сыртқа қаша жөнеледі. Жолдары болмаған қарақшылар енді дәріхананың күндік табысын қолды етпекші болады. Алайда діттеген ойларына жетпей қапыда қалды.

Елена Комкова, дәріханашы:

– Тапаншамен қаруланған екі адам кассадағы бар ақшаны талап етті. Мен полиция шақыртамын деп қорқыттым. Айтқандарына көнбей қуып шықтым.  

Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары күдіктілерді дәріхананың маңынан ұстады. Сезіктілердің айтуынша жай ғана қалжыңдамақ болған. Абырой болғанда қаруланған тапаншалары кәдімгі ойыншық болып шықты. Ойыннан от шығады демекші бұл әрекеттері үшін енді сот алдында жауап беруге тура келеді. Қазір  күдіктілер М. Жұмабаев АІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды. Үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 Жеңіс Ермұқанов