Қоғам

Ономастика мәселелеріне арналған республикалық жиын

 

 

 

Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар, ономастика саласының мамандары мен сарапшылар қатысып, өзара ой бөлісті.  

Сабыржан Шүкірұлы, ҚР Үкіметі жанындағы мемлекеттік ономастика комиссиясының «Ономастикалық хабаршы» бюллетенінің бас редакторы:
– Бұл жерде еш өзгерту емес. Елді-мекендердің тарихи атауын қалпына келтіру мәселесі көтерілуде.  Бұл тек тәуелсіздігіміздің белгісі болмақ.


Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:
– Менің қорымда 1500-нан астам көне, ескі жер-су аттары бар.
Бәрінің әдемі қазақша аттары бар. Ат болғанда, тіпті, шежіре.

Ономастика мәселелеріне байланысты жиынға қатысушылардың әрқайсысының өз зерттеуі, өз ұсынысы бар. ҚР Тіл комитеті облыстардағы тарихи атаулар базасын жасауда. Нақты ұсыныстар осы базаға енгізіліп, құнды деректерді қағаз бетінде және электронды түрде сақтауға жол ашпақ. Сондықтан жиында өңір тарихымен жіті таныс мамандар, әдебиетшілер мен ғалымдар осы мәселеден шет қалмауы тиіс деген ой айтылды. Бұл бағытта өңірімізде де біршама іс атқарылған.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
Бүгінгі күнге дейін 11 ауданның, 43 елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды. Сондай-ақ 21 елді мекеннің транскрипциясы дұрысталды. Алдағы уақытта бұл бағытта талай жұмыстарды атқару қажет екені белгілі.

Дегенмен әлі де еліміздегі атаулардың 40 пайыздан астамы – орыс тілінде. Жер-су, қалалар мен көшелердің атауларына байланысты жарық көрген сөздіктерде де қателіктер орын алуда. Бұл елді мекен тарихының толық зерттелмеуіне байланысты. Қалай болғанмен ономаст ғалымдар мен тіл мамандары мәселенің біртіндеп шешілетініне сенімді.

Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары:
Қазір жер-су атауларын өзгертуге мораторий жарияланған. Үкімет ономастика туралы заңға өзгерістер енгізуде. Ол заң жақында қабылданатын болса, мәселелердің бәрі шешімін табады деген ойдамыз.

«Әр нәрсенің өз уақыты бар. Халықтың да ұсыныс-пікірін ескереміз»,- дейді ҚР Тіл комитеті төрағасының орынбасары.

Инеш Шоқақова