Қылмыс

Зейнеткерді тонаған үш қарақшы ұсталды


 

Полицияға қазанның жетісіне қараған түні Вознесенка ауылындағы жалғызбасты зейнеткердің үйіне белгісіз үш адам баса-көктеп кіргендігі туралы хабар келіп түскен. Үй иесін пышақпен қорқытқан қылмыскерлер 2 медаль, 6 мың теңге көлеміндегі ақша мен алтын сырғаны тартып алған.

Екатерина Марченко, зейнеткер:
Есік алдына шықсам, еңгезердей екі адам тұр. Неге келдіңдер десем, олар маған: «Бізге ақша керек» деп пышақтарын алып шықты.  

Беттерін жағаларына жасырып алған қоқан-лоқы жасаушылар тыл еңбеккері қомақты зейнетақы алады деген оймен одан ірі көлемде ақша талап еткен.

 Екатерина Марченко, зейнеткер:
– Менің қалың сырт киімімді алып кетті. Онымен қоса, құлағымдағы алтын сырғаны алып беруімді талап етті


Сонымен қатар, «Еңбек ардагері» деген екі медаль мен ақшаны иеленген қылмыскерлер оқиға орнынан бірден тайып тұрған. Жапа шеккен зейнеткер қарақшылардың үшеу екенін аңғарған. Болған оқиғаны әжей таң атқаннан кейін қызына айтып берген.

Қанат Қасенов, Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– Жедел-іздестіру шаралары барысында Вознесенка ауылында үш азамат ұсталды. Олардың біреуі сол ауылдың тұрғыны, екеуінің басқа жерден келгендері анықталды. Өз кінәларін мойындаған қылмыскерлерден ақша, алтын сырға мен марапаттау белгілері тәркіленді
.  
Ұсталғандардың жастары 19 бен 23 аралығында. Бірі Вознесенка ауылында тұрады. Қарақшылықты жасауға ол Аққайың ауданында тұратын туысы мен Петропавлдағы танысын тартқан. Айыпталушылардың біреуі осыған дейін ұрлық жасағаны үшін істі болған. Тергеу барысында олар үйге терезе арқылы кіргендерін айтқан.

Күдікті:  

– Үшеуіміз бірге келдік. Біреуі далада күтіп тұрды, біз ішке кірдік. Есікті аштық. Куртка, екі медаль, ақша мен алтын сырға алдық.

Қылмыскерлер ақшаны ішімдікке жұмсамақ болған. Қазіргі уақытта үш күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалған. Барлық қолды болған заттар иесіне қайтарылды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
 

Әспет Әбдірешова