Ауыл шаруашылығы

Новокаменкалықтар қысқа әзір

 

 

Зейнұр әжей мен Сейтахмет атайдың отбасын құрғанына биыл 51 жыл толады. Тату-тәтті Ботаевтар жанұясы қыстың қамын жаз ойлап, қажетті отынын дайындап қойған. Төрт бөлмелі үйді көмірсіз жылытып отырмыз дейді отағасы. Бұл жанұяға қыстан шығу үшін 10 текше метр ағаш қажет екен. Биылға 45 мың теңгеге 2 машина отын түсіріпті.

Сейтахмет Ботаев, Новокаменка ауылының тұрғыны:
-Күз бітіп, қыс та келіп қалды. Отын-шөбіміз де бәрі даяр. Отын қымбат емес, жыл сайын 20-22 мыңнан алып отырамыз.

Ауылдағы үйлер мен мектеп қысқа 100 пайыз дайын. Новокаменкадағы орта білім беретін мектеп ғимаратына  417 тонна көмір жеткізіліпті. Бұл мектепке 22 жыл болған. Мұнда 153 оқушыға  жоғары білімді 38 маман сабақ береді.Осыдан 3 жыл бұрын ашылған шағын орталық та жұмыс істейді. “Нұрсат” балабақшасында 43 бала мектепке дейінгі тәрбие алуда. Оқу орнында спорт кешені жұмыс істейді. Үлкен мектепті жылыту үшін ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Негізінде нысан күрделі жөндеуді қажет етеді дейді мамандар.

Ләйлә Аманова, Новокаменка орта мектебінің директоры:
– Қысқа даярмыз. Қазандықтардың ішін жуып, тазалап, сырладық. Былтырғы оқу жылында жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

2 мыңнан аса тұрғыны бар Архангелька селолық округінде екі мектеп бар. Білім нысандарына 845 тонна көмір жеткізіліпті. “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасының көмегімен тұрғындар несие алып, мал шаруашылығын дөңгелетуде.

Махмет Байбусинов, Архангелька селолық округының әкімі:
Екі мектепте 300ден артық бала оқиды. Ауылда 600 үй бар. Үйлердің бәрі қысқа дайын, отын әкелуде қиыншылық жоқ.

Қылышын сүйреп қыс та жақындап қалды. Ал ауыл тұрғындары отын мен көмірді қолжетімді бағаға сатып алып, үйдің ішін жылытудың қамына кіріскен.

Гүлбану Ахметова