ТКШ

«Есіл судағы» қоғамдық тыңдау

 

 

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» филиалының топтық магистральдық су тарату жүйесіндегі нормативті-техникалық шығындарды бекіту туралы мәлімдемесі ағымдағы жылдың 24 қыркүйегінде берілген болатын. Осы орайда кәсіпорында қоғамдық тыңдау өтті. СҚО бойынша ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінде шешім шығару үшін сараптама жүргізу қажет дейді мамандар.

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:
-Бүгін біз тарифтерді көтеру туралы ұсыныстарды емес, нормативті шығындарды белгілеу туралы сұранысты қарастырамыз. Алайда шығындар көрсеткіші тарифке енетін болғаннан кейін, осы қоғамдық тыңдауда тұтынушыларға жүйеде қандай шығындар бар екенін айтқымыз келеді.

Өткен жылы нормативті-техникалық шығын 45,3 пайызды құраса, биыл – 57,6 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш тариф саясатына өз әсерін тигізбей қоймайды.Мамандардың айтуына қарағанда, тариф көтерілген жағдайда облыстағы кәсіпорындарға су үшін көбірек шығындалуға тура келеді. Алайда бұл талаптың қарапайым тұтынушылар үшін қатысы жоқ. Себебі олар үшін осыған дейін 1 текше метр үшін төленіп келген 40 теңге сол күйінде қалады.

Сергей Шаманаев, «Қазсушар» РМК «Есіл су» филиалының өндірісітік-техникалық бөлімінің инженері:
– Табиғи монополияларды реттеу агенттігі нормативті-техникалық шығындарды белгілеген кезде, біз оларға тарифтерді көтеру туралы ұсыныс тастаймыз.
Бірақ тұтынушылар үшін баға 40 теңгеден аспайтын күйінде қала береді. Тариф көтерілсе, бұл мемлекеттік субсидиялардың көбеюіне әсер етеді. Бұған біздің кәсіпорынның қаржылық жағдайы байланысты болмақ.  

Бүгінде «Есіл-су» филиалының қарамағына 2 678,9 шақырым магистарльдық су тарату жүйесі енеді. Кәсіпорын Солтүстік Қазақстан  және Қостанай облыстарының екі ауданына, жалпы алғанда 208 елдімекенге су жеткізеді. 196 мың халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынға Булаев, Есіл, Преснов және Соколов су құбырлары енеді. Нысандардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Сол себепті де олардың нормативті-техникалық шығындарын белгілеу жөндеу жұмыстарын жүргізіп, зардаптарды жоюда маңызды болмақ.

Әспет Әбдірешова