Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алматы қаласында Солтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтті

 

 

Алматы – еліміздің ірі мәдени орталығы. Егемендігіміздің алғашқы түп қазығы қадалып, 70 жылға жуық бас шаһар атанған дәулетті де сәулетті оңтүстік астананың бүгінде айбыны асқақ. Ал СҚО – ас атасының құтты мекені. Табиғат тылсым мінез көрсеткенімен биыл астық өңірдің құнарлы топырағында бітік шығып, бадана дән бастырылды. Бұл ел қамбасының негізгі бөлігіне әдеттегідей ырыс дәні құйылады деген сөз. Басты байлығымыз әрине бірлігі жарасқан еңбеққор халық. Бұған ару қаланың төрінде Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары ауылшаруашылық жәрмеңкесінің қонақтары көз жеткізді. Алматы қаласы мен өңірлер басшылары жәрмеңкені аралап, сөрелерге қойылған өнімнің сапасымен танысып, бағаларын көрді. Өңіріміздің 36 шаруа қожалығы алматылықтарға 42 млн теңгенің 40-тан артық бірінші кезектегі азық-түлігін ұсынды. Сөреге қойылған көкөніс, бал, сүт, ет, ұн өнімдерінің жалпы салмағы 200 тоннаны құрады. Мақсат жергілікті тауар өндірушілерді ел нарығына шығарып оңтүстіктің жұртшылығына кеңінен насихаттап, тығыз әріптестік орнату.

Алтынбек Абдоллаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
– 60 тонна картоп, 12 тонна сиыр еті, 2 тонна жылқы еті, 6 тоннадай қой еті әкелінді. Онымен қоса қайта өңдеу кәсіпорындары да өте жақсы шұжық, сүт өнімдері мен бал әкеліп отырмыз. Әсіресе бидай өнімдері үлкен сұранысқа
ие, 36 тонна ұн алып келдік.

Ұнның жоғары сұрыптысының келісі -55, ал бірінші сортының бағасы 45 теңгеден саудаланып жатыр. Картоп килограмы 60-тан, жұмыртқаның ондығы 150 теңге болса, бал 1000 теңгеден өткізілуде. Еттің құны да сол шамада. Алматыға қара мал етінің жартысына жуығын “Асық-Тобыл” ЖШС жеткізіпті.

Жақсылық Мұхамедо, “Асық-Тобыл” ЖШС өкілі:
– Петропавлдан 5 тонна ет келді.
1 сағаттың ішінде 2 тоннасын сатып болдық. Шауып, сатуға үлгере алмай жатырмыз. Халық көп, жақсы алып жатыр.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу Алматыда жақсы дәстүрге айналған. Қала халқы да арзан азық-түлікті осы жерден іздеуге дағдыланып алыпты. Сондықтан бағасы қалта көтерерлік өнімге асық оңтүстіктің тұрғындары ұзын -сонар кезек құрды. Демалыс болған соң әдеттегідей алдағы аптаның қамын ойлап, таңертеңнен жәрмеңкеге асыққан жұрт легі бір толастаған жоқ. Солтүстік Қазақстанның ауыл еңбеккерлері саудалаған өнім пышақ үстінен бөлініп әкетіліп жатыр. Тауарды санитарлық тексеруден өткізу және саудагерлерге жасалған бар жағдайлар тегін. Солтүстікқазақстандықтар ұсынған өнім тұтынушыларға тіпті Алматының арзан деген базарларынан 30 пайызға кем   түсті. Әсіресе, қалалықтарды жәрмеңкедегі өнім бағасының төмендігімен қатар сапасы қуантты.

– Солтүстіктің еті өте тәтті болатынын жақсы білеміз. Жылқы, қой, сиыр еті болсын. 10 келі ет алдық қаланың базарында 1500 теңге. Мұнда 1100 екен өте арзан. Қойдың етін де Солтүстік Қазақстаннан аламыз.
Солтүстік Қазақстан тауар өндірушілерінің өнімін алдым, маған ұнағаны сапасы дұрыс екен. Бізге жиі келіп тұрса дейміз.
– Мен зейнеткермін,
чеснок, ет, қазы алдым. Біздің базарларға қарағанда 200,300, 400 теңгеге арзан. Жақсы көмек болды.

Алматылықтарға өңіріміздің алтын қол шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Көздің жауын алатын әшекей бұйымдар, қылқалам шеберлерінің еңбектері көпшілікті бейжай қалдырмады. Әсіресе 10 саусағынан өнер тамғандардың  ағаштан ұлттық нақышта ойып өрнектеген заттары үлкен сұранысқа ие болды.

Болатбек Қалдыров, ағаш шебері, Петропавл қаласы:
– Бұл өнермен айналысып жүргеніме 5 жыл болды. Ағаларым 1992 жылдан айналысып келеді. Басты мақсатымыз – ата-бабаларымыздың өнерін жоғалтпау. ұлттық тәрбие осыдан басталады. Ағаштан бұйым жасайтын адамдар жақсы біледі, өте қиын жұмыс. Мынадай кішіректеу астауға технология бойынша 1 ай кетеді.  

Тұтынушылар делдалсыз жеткізілден қолөнер бұйымдары мен арзан азық- түлікті сатып алып қана қоймай, өнерпаздардың орындауындағы әулеген ән мен күмбірлеген күйді тыңдап та бір жасап, марқайып қалды.
Кешкісін Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өңірден келген жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер Алматыдағы мәдениет күнін қорытындылады. Солтүстікқазақстандықтар тарту еткен гала-концертті облыс әкімі Серік Біләлов пен Алматы қаласының басшысы Ахметжан Есімов аштты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биыл Солтүстік Қазақстан өңіріне жаман жыл болған жоқ.
Орташа астық алып, Елбасының тапсырмалары орындалып жатыр. Үлкен концертпен СҚО азаматтары осы үлкен залға келіп отыр. Уақыт бөліп келгендеріңіз үшін Солтүстік Қазақстан атынан алғысымды білдіремін.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
Қазақстанның ең құнарлы жері Солтүстік Қазақстанда. Жері бай болғанның елі бай. Қазақстанның небір қайраткерлері, киелілері сол топырақта дүниеге келіп, қазағымыздың атын шығарды. Сондықтан сіздерді қарсы алып отырғанымыз біз үшін үлкен мәртебе.

Жырақтағы Жетісуда орын тепкен Алматы қаласы – еліміздің рухани азық мекеніне айналды. Асқақ Алатау баурайында қазақ мәдениеті мен өнері өркен жайды. Бүгін мұнда 50 мұражай, 22 концерттік ұйым, 18 театр бар.   Шұрайлы Солтүстік Қазақстан топырағы түлеткен теріскейліктер де өнерден жұрдай емес. Алматылықтарға әуенді де әуезді кеш ұсынған сахна саңлақтары көрерменді орнына таңып, өзіне баурай білді. Алматылықтарға жақсы таныс шығармашылық топтар құлақтың құрышын қандырар солтүстіктің әсем сазын сағынған көрерменнің көзайымына айналды. Сахна төріне шыққан сақа өнерпаздарымыз «Есіл» қазақ- ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жергілікті композиторлар мен әлемдік классиктердің шығармаларын орындады. Облысымыз – талай ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жия алған береке-бірліктің алтын діңгегі. Бұны түрлі халықтардың дәстүрлі биін ұсынған ұжымдар танытты. Жиналғандардың ыстық ықыласын толассыз соғылған ду қол шапалақтары аңғартты.

Тимур Айтқожин, әнші, Петропавл қаласы:
– Қасиетті өнер ордасы Алматыға Қызылжар өңірінен ат терлетіп келіп отырмыз. Шал ақын, Ғабит бабалардың ұрпағы намысты қолдан бермеуге тырысты. Әншілер мен бишілердің өнерін халық жақсы қабылдады.
Сапарымыз сәтті болды деп айта аламын.

Бұл әуенді шараға мәдениет, өнер және әдебиет майталмандары қатысты. ҚР еңбегі сіңген қайраткерлері өнер иелеріне “Бұндай дарындар барда жат елдің мәдениеті бізді басып кіре алмайды” деген оң бағасын берді.

Асанәлі Әшімов, ҚР халық әртісі:
– Жақсы дайындалған үлкен өнер көріп, қуанып кетіп барамын. Өнердің, ғылымның, еңбектің елі ғой.
Бүкіл қызылжарлықтарды осындай өнерімен құттықтаймын. Бақытты ел адамдарының көңіл-күйін жоғары дәрежеде көрсете алды. Өте жақсы классикалық концерт берді.

Алматылықтар мен оңтүстік астананың қонақтары концерттен айыздары қанып шықты.

Солтүстік Қазақстанның жетістіктерін көрсету мақсатындағы жалғыз ғана экономика емес, мәдениет саласының өкілдері де қуантып тастады. Ұжымдары өсу үстінде, Жетістіктеріне тілектеспіз.
Керемет демалдық, өте ризамыз. Онерлері өрге аса берсін.
Нағыз талант иелері. Солтүстік Қазақстаннан алған әсеріміз табиғи дауыстары. Осы үшін ризамыз. Осындай әншілер ғана сахнадан көрінсе дейміз.
Солтүстік Қазақстан тұрғындары өте өнерлі екен. Жақсы әсер алдым әсіресе билері қатты ұнады.

Өстіп оңтүстік астанадағы өнер сапары үлкен табыспен аяқталды. Екі өңір арасындағы  экономикалық, рухани үндестік алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Жеңіс Ермұқанов