Құқық қорғау органдары

СҚО ІІД қылмыстық іздеу қызметінің құрылғанына 94 жыл толды

 

 

 

Қоғамдық тәртіпті бұзатын, қылмыс жассайтын айыптыны тауып, кінәсін дәлелдеп жауапқа тарту оңай шаруа емес. Олармен күрестің алдыңғы шебінде қашанда қылмыстық іздеу қызметі жүреді. Бүгінде бұл жауапты міндет өңірімізде 180 жедел уәкілдің мойнына жүктелген. Өткен 9 айда ғана ширақ жұмыла білетін тәртіп сақшылары 4 мыңға жуық қылмыстың бетін ашты.

Қанат Айтбаев, СҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының бастығы:
– Қылмыстық іздеуге 94 жыл толды. Біз бұл мейрамға жақсы нәтижемен келдік. Былтырғы жылмен салыстырғанда әрине биыл ашылудың пайызы жоғары. Біз онымен тоқталмай, әрі қарай жағдайды сақтап, жақсартуға тырысамыз.

Жуырда өткен мемлекеттік атестациялауда жедел уәкілдер антына адал, сертіне берік екендіктерін дәлелдеп шыққан. Мамандықтарының қыр-сыры тексерілген сынақтан барлығы дерлік сүрінбей өткен. Төл мерекелерінде ұзақ жылдар бойы қоғамдық тәртіп күзетінде қылмыспен табанды күрескендері «Полиция қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталды. ІІМ құрмет грамотасы мен алғыс хаты да өз иелерін тапты. 8 полицей мерзімінен бұрын шені бойынша бір саты жоғарылады. Еңбегі бағаланғандардың қатарында аға жедел уәкіл Ермек Тобылбаев та бар. Енді ол мінсіз қызметін майор атағында атқаратын болады.

Ермек Тобылбаев, CҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Қызметіміз оңай емес.
Қылмыскерлермен күресетін жандар да аса керек-ақ. Жұмыс уақытымыз шектеусіз. Қылмыскерлер уақыт таңдамайды ғой. Десе де бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін.  

Қай уақытта болмасын тәртіп сақшыларының мақсаты-қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Бұл күні ардагерлер қауымы да ұмыт қалмай құрметке бөленді.

Сұраған Көпеев, СҚО ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бұрын бір бөлімге бір-ақ көлік берілетін. Қазір оннан асып кетеді. Материалдық базалары әлдеқайда жақсы. Біздей қолмен емес, компьютер арқылы жұмыс жасайды. Алайда қылмыскерлердің қамтамасыз етілуі де әлдеқайда күштірек. Сондықтан жұмыстарына сәттілік тілеймін.  

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Жеңіс Ермұқанов