Шаруалар астықтарын қамбаға құйып жатыр

Ауыл шаруашылығы

14:22 5 Қазан 2012

“Мамлют ұн үгу комбинатына” күніне 180-ге жуық жүк машинасы астық жеткізеді. Кәсіпорында бидай қабылдау тамыз айынан басталған екен. Шуақты күндері элеватор алдында машиналар лек-легімен тұрады дейді астық қабылдаушылар. Соңғы кезде жаңбырдың жаууына байланысты келушілер сәл азайыпты. Амангелді Дәулетов бүгінгі ауа райына қарамастан жол жүрген. Жүргізуші Меңгесер ауылының астығын әкелді. Әрбір көлік элеватор аумағына кірмес бұрын ең алдымен зертхана маңына тоқтайды. Бұл жерде бидайдың құрамы мен сапасын анықтауға сараптама алынады.Талдау  жаңа құралдың көмегімен жасалады. Бұрындары зертхана қызметкерлері барлық жұмысты қолмен атқарса, енді, инфратекпен уақыт үнемдеп, нәтижені нақты шығарады.

Ольга Соверченко, диірмен зертханасының бастығы:

– Бізге келіп жатқан астықтың сапасы жақсы. Негізінен 3-ші класс. Осы жерде бидайдың сапасы анықталады. Мысалы, жұмсағынан нан пісірілсе, қатқылынан макарон өнімдері дайындалады. Ал, дәннің желімділігі  25-26 пайыз, ылғалдылығы құрғақ күндері 15 жарым пайыз болатын, қазір 17-18 пайыздың шамасында.

Егер астықтың ылғалдылығы 20 пайыздан асып кетсе, онда тым дымқыл боп саналады екен.  Элеватордың жалпы сыйымдылығы – 145 мың тонна. Өткен жылғы орақтан 65 мың тонна астық қалса, биыл жаңа өнімнің 80 мың тоннасын қабылдаған. Әзірге қойма толып тұр. Бірақ серіктестік бір мезгілде қамбада жатқан өнімнен босап жатыр. Бидай вагондарға техника көмегімен тиелуде. Зырылдап жатқан лентаның бағытын басқару пультінің қасында тұрған қызметкер реттейді. Толтырылған 22 вагон астықты алысқа бүгін әкетуі тиіс.

Данаш Хамзина