Қоғам

Католик шіркеуіндегі фотокөрме


Ананың балаға деген шексіз махаббаты, жаңа туған өмірдің таңғажайып сұлулығы, баланың анаға деген пәк сезімі. Бұл құдіретті тақырып, көрмеге қойылған туындылардың барлығына мазмұн болған. Әрбір фотосуреттің өз тарихы бар. Думан Қасымовтың мұнда барлығы 5 жұмысы қойылыпты.

 Думан Қасымов, суретші, көрмеге қатысушы:
– Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас өте ерекше. Оны фотосурет арқылы көрсету өте қызық. Бұл суреттерді түсіргенде олардың шынайы болып шығуы үшін адамдардың өздерінің табиғи қалыптарын сақтағанын қалаймын.

Барлығы көрмеге 45 жұмыс ұсынылған. Онда Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды және Қостанай облыстарынан 23 автордың суреттері қойылыпты. Өмірдің жарқын шақтары көрсетілген туындылар адам бойына ерекше жақсы сезімдер сыйлайды дейді СҚМУ-нің оқытушысы Елена Иванова.

Елена Иванова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:
– Мұнда түрлі ұлт өкілдері орындаған жұмыстар өте көп. Меніңше, Қазақстан ғана осындай тамаша одақ пен осындай туындыларды жасап отырған адамдармен мақтана алады.

Христиан дінінде «Құдайдың рақымшылығына бөлену» мерекесі аса маңыздыларының бірі дейді рим католик шіркеуінің басшысы Анджей Михонь.

Анджей Михонь, «Святая Троица» рим-католик шіркеуінің жетекшісі:
– Біз бала мен ана, ана мен бала арасындағы сезімнің ерекше екенін білеміз. Осы көрме арқылы тату отбасындағы бала тәрбиесін көрсетіп, адамдарға үлгі еткіміз келді.

Көрмеде фотосуретші Анна Волкодавтың жұмыстары бірінші орынға лайық деп бағаланды. Екінші орын – Думан Қасымовқа бұйырса, үшінші орынға Людмила Игнатина ие болды.

Әспет Әбдірешова