Білім

Бүлдіршіндерді отансүйгіштікке тәрбиелеу


 

Бала тәрбиесіне халқымыз аса зор көңіл бөлген. Болашақта өзіне сенімді әрі білімді де тәрбиелі азамат қалыптасуы үшін баланы кішкене күнінен тек жақсылыққа тәрбиелеу керек. Осы қағиданы берік ұстанған Назгүл Бектенова өз мамандығын бала тәрбиесіне арнапты. 17 жыл бойы педагогика саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз балаларды отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулиды.

Назгүл Бектенова, «Балдәурен» балабақшасының тәрбиешісі:
-Бүлдіршіндерді тәрбиелеудегі басты мақсатым – қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына және де әлеуметтік-мәдени тұрғыда тәрбиелеу. Яғни, инабаттылыққа, өз ұлтын, өзінің тілін, ұлтын сүйе білуге және де патриоттық сезімге тәрбиелеу. Өз жұмысымды ұнатамын.

«Балдәурен» балабақшасының негізі қаланғанына 5 жыл болады. Содан бері алдына келген бүлдіршіндерге екінші аналарындай болып кеткен Назгүл Бектенова тәрбие жұмыстарында түрлі әдіс-тәсілдер мен ойын түрлерін қолданады. Әсіресе балалардың арасында түрлі рольдерге бөлініп, театрлық ойын ойнау дәстүрге айналған.

 Назгүл Бектенова, «Балдәурен» балалар бақшасының тәрбиешісі:
– Мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс жасаудамыз.Өзімнің тобымда 25 бала бар. Әрине көптеген қиындықтар болады. Соны жеңе білу керек. Баланы тәрбиелеу жеңіл жұмыс деп айта алмаймын.   

320 орынға шақталған балалар бақшасында 9 қазақ және 4 орыс тобы бар.

– Біз мұнда ойнаймыз, ұйықтаймыз, сабақ жасаймыз. Маған мұнда өте ұнайды.
– Менің достарым көп, мен олармен ойнаймын.  

Балаға үйретуден жалықпайтын Назгүл Бектенова жақында әріптестері арасында өтетін облыстық конференцияға дайындалуда. Ол “Мектепке дейінгі баланың ауыз әдебиеті арқылы тілдерін, құзыреттілігін дамыту” деген баяндамасын тыңдарманға ұсынбақ.

Әспет Әбдірешова