Білім

Қазанның алғашқы жексенбісі – мұғалімдердің кәсіби мерекесі

 

 

 Міне, сүйікті ісіне берілген ұстаз 10-11 сынып оқушыларына қосымша сабақ өткізуде. Мұқият тыңдап отырған шәкірттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, Қазақстан, дүниежүзі тарихы және құқық пәндерінен мол мағлұмат алуда. Қашан да оқушыларына қол ұшын беруге әзір тұратын Клара Молдахметованы мұнда бәрі қадірлейді. Болашақ жастардың қолында деп білетін ұстаз да бар білгенін үйретуде. Саят Әбдрахманов биыл 11 сыныпта оқиды. Оқушы білікті ұстазының арқасында қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері болыпты. Ал Азиза Мұсабекова  ұстазымыздың көмегімен тек еліміздің ғана емес, дүние жүзінің тарихын оқып, құқығын молынан білудеміз дейді.

Азиза Мұсабаева, оқушы:
-Біз тек ҰБТ үшін ғана тарихты оқымаймыз. Ол бізге елімізді тануға қажет.

Білікті ұстаз бұл мектепте 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. 1984 жылы педагогикалық институтты аяқтаған соң Клара Молдахметова  еңбек жолын Есіл ауданынан бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілген екен. Кейін қайта мектепте жас ұрпаққа білім беруді ұйғарыпты. Білгенін шәкірттеріне үйретіп, сүйікті ісін жалғастыру мақсатында. Сөйтіп, ұстаз оқушыларды олимпиада, ҰБТ дайындай бастаған.

 Клара Молдахметова, ұстаз:
-Мені мұғалімдік жолына әкелген өзімнің әкем болатын.  

Өмірдің өзі – ұлы ұстаз. Ендеше осындай білікті мұғалімдеріміз лайым көп болғай.

Гүлбану Ахметова