Қоғам

Қазанның 1-і елімізде күзгі әскерге шақыру маусымы басталды

 

 

Кезекте тұрған 18-27 жас аралығындағы жігіттер аудандық және қалалық дәрігерлік тексерістен өткен. Алдағы міндет – облыстық медициналық комиссиядан сүрінбеу. Күніне бұл жерге шамамен 50 адам келеді екен. Әрбірі өзіне жақын әскери құрылымда борышын өтегісі келеді. Дегенмен іріктеу кезінде олардың денсаулығы мен спорттық дайындығына үлкен мән берілмек.

Александр Степанов, СҚО қорғаныс жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
-Ең алдымен шақырылғандардың жоғары, кәсіби және орта білімі болуы шарт. Әскери қатарды толықтырамын дегендердің саны артып келеді. Отан алдындағы борышты өтеу мерзімі 1 жыл.  

Биыл әскери бөлімдерге аттанбас бұрын жігіттердің есірткіге әуестігі де тексерілетін болады екен. Жалпы облыстық медициналық бақылауды өткізу үшін 10 шақты дәрігер жұмылдырылды. Олар әрбір жастың денсаулығын жіті бақылауда.

Азат Мәкенов, облыстық аурухананың хирург дәрігері:
Сколиоз, жалпақ табан болғанда, ота жасалғаннан кейінгі жағдайына байланысты кейбіреулері жарамсыз болады. Әрбір жігіт күрделі тексерістен өтеді.  

Отанымыздың тыныштығын күзетуді мақсат еткендердің бірі – Бауыржан Айтбаев. Петропавл құрылыс- экономикалық колледжін тәмамдаған ол әскери борышын өтеуге бел буған.

 Бауыржан Айтбаев:
-Борышым деп ойлаймын, Отан алдындағы борышымды өтеу. Кішкентай кезімдегі арманым болатын ұлттық гвардияда борышымды өтеуге. Медкомиссиядан өтіп, гвардияға өткім келеді.

Жалғыз Бауыржан емес, өзге де жерлестеріміз қарулы күштер қатарына өтіп, азаматтық міндетін орындауға асық.

–  Әскерден кейін контракт бойынша жұмысымды жалғастырғым келеді, кішкентай кезімнен әскери мамандықты жақсы көретінмін. Соған қол жеткіземін деген ойдамын .
-ҚР қарулы күштерінде қызмет еткім келеді. Өйткені ол менің борышым.

Әскери қызметке жарамды солтүстікқазақстандықтар қазанның 13-і –  желтоқсанның 22-і арасында әскери бөлімдерге жіберілмек. Облысымыздан 700-ге жуық азаматты Отан алдындағы парызын өтеуге аттандыру жоспарланып отыр.

Айдана Демесінова