Спорт

Әлем чемпионы Алексей Луценкоға облыс әкімі пәтер сертификатын тапсырды

 

 

Төрткүл дүниеге енді бір солтүстікқазақстандық шайтанарбашының аты мәшһүр болды. Хас шебер ағасы Винокуровтың ізін сәтті басқан Алексей Луценко әлемге өзін мойындатып тәнті қылды. 38 елдің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар кілең 160 мықтының алдын орап, жеке-дара келді. Өңірімізден түлеп ұшқан сайыпқыран велошабандозды ірі жеңісімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Еліміздің спорт саласында тағы бір қуанышты жаңалықтың куәгері болып отырмыз. Голландияда велоспорттан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Алексей Луценко алтын медальға қол жеткізді. Елбасы Қазақстанда спорт саласын дамытуды басты жолға қойып отыр. Көрсетілген қамқорлықтың арқасында еліміздің спортшылары үлкен жетістіктерге жетуде.  

Алексей бұған дейін де ғаламдық тартыстарда жұлдыздай жарқыраған. Оның өмірбаяны толағай жеңістерге толы. Соңғы екі жылда Азиялық жарыс жолын бірінші болып бағындырған. Қос бірдей әлем кубогының жүлдегері, Франция, Болгария, Доминикан, Канадада өткен халықаралық көпкіндік сындарда бар қарсыласын шаң қаптырып кетіпті. Қазақстандықтардың рухын көтеріп, айбынын асқақтатып жүрген серкеге өңір жетекшісі пәтер сертификатын табыс етті. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің Голландиядағы сөзсіз жеңісі 7 жылғы тер төккен тынымсыз жаттығудың жемісі.

Алексей Луценко, велоспорттан әлем біріншілігінің жеңімпазы:
-Бәрі мен үшін осылайша сәтті аяқталады деп ойлаған жоқпын да. Мақсатым суырылып алға шығу болды. Әнұранымыз әуелеп, көк туымыз желбірегенде жеңіске шынымен жеткеніме сендім. Бапкерімнің еңбегін ақтағаныма қуаныштымын. Облыс әкімінің құрметіне алғысым шексіз. Алда да енді атағымды жоғалтпай еселеуге сөз беремін.  

Жастайынан спортқа құмар болған чемпионды қанаттандырып, әр сайысқа үкілеген жеке бапкері Виктор Потаповқа Серік Біләлов 300 мың теңгенің сыйақысын табыстады. Ұлт мақтанышы Александр Винокуровтың бірінші жаттықтырушысы Сергей Кручина ” ҚР спортының дамуына қосқан үлесі үшін” кеуде белгісімен марапатталды. Сондай-ақ салтанатты жиында ҚР велоспорт федерациясының өңір жетекшісіне жолданған хаты оқылды.

Серік Рахымов, ҚР велоспорт федерациясы президиумының мүшесі:
-Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, Сізді Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың 30-шы олимпиада ойындарындағы жеңісімен және Лимбург қаласында өткен әлем біріншілігінде Алексей Луценконың топ бастауымен құттықтаймыз. СҚО велошабандоздары Ұлттық құраманың бетке ұстар мүшелері. Біз олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ҚР құрметті спорт шебері Александр Винокуровтың есімі берілуін сұраймыз.  

Серік Біләлов бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді. 1998 жылы құрылған олимпиадалық үміттерді сайлайтын спорт мекемесі бүгінде тарлық етіп отыр. Өңір жетекшісі келесі жылы нысанды кеңейтіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға өңір қазынасынан 70 млн теңге бөлінетінін айтып тағы қуантты. Бүгінде облыста 300-ге тарта жас велошабандоз бар. 20 әуесқой Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүр. 9-ы бастамаларын кәсіпқой деңгейге жеткізіпті.

Жеңіс Ермұқанов