Қоғам

Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғауға болады?



 

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және адам саудасын тоқтату. Отырысқа жиылған нәзікжандылардың мақсаты осы. Еліміздегі әрбір 4-ші отбасында зорлық көрсету жайттары орын алатын көрінеді. Ал балалар оның куәгері болуда. Бұл,әрине, алаңдатарлық жағдай. Дегенмен мәселені дөңгелек үстел барысында түбегейлі жою мүмкін емес.

Алина Орлова, «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ төрайымы:
– Мен жуырда Варшава қаласында болып, отбасындағы зорлық көрсету мәселесіне байланысты баяндама жасадым. Бұл дүниежүзілік проблема. Біздің орталықтарға да күн сайын отбасылық зорлыққа тап болған әйелдер хабарласуда.

Алайда мұндай орталықтардың көмегіне әйелдердің барлығы дерлік жүгіне бермейді. Оның түрлі себептері де бар. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына ден қойылған. 2000 жылдан бері Петропавл қалалық ІІБ-да әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі жұмыс істейді.

Лариса Перова,  Петропавл қалалық ІІБ әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы:
– Жыл басынан күйеулерінің тарапынан күш көрсетілген 539 петропавлдық әйелге көмек көрсетіп, қорғай алдық. 2010 жылдан бері күшіне енген ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңы және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістер осындай мүмкіндік беріп отыр.

Яғни зорлық көрсетуші айыппұл төлеп қана құтыла алмайды. 15 тәулікке қамауға алу, жәбірленушімен қарым-қатынасын шектеу сынды шаралар да қолданылуда.

Инеш Шоқақова