Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет отырысында “Агроөнеркәсіп кешенін дамыту” бағдарламасы қаралды

Агроөнеркәсіп кешені ел экономикасының басты табыс көздерінің бірі. Ауыл еңбеккерлерінің кәсібін жаңа деңгейге көтеру керек-ақ. Техникалық парк әбден тозған. Озық үлгідегі тың үрдістерді екінің бірінің ендіруге қауқары жоқ. Бәрі келіп қаржыға тіреледі. Бұл орайда Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков “2013-2020 ж.ж. арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың” жаңа жобасын ұсынды. Маңызды құжаттағы жаңашылдықтар 4 бағытта жүзеге асырылмақ. Бастысы -еліміздегі азық-түлік қауыпсіздігін қамтамасыз етудің мақсатында отандық тауар өндірушілерді қаржылай қолдау. Бүгінде екінші деңгейлі банктер шаруа қожалықтарына тиімділігі шамалы 300 млрд теңгенің несиесін рәсімдеген. Кіші-гірім агроқұрылымдардың үштен бірі соның өзіне кепілдігі болмай, қол жеткізе алмай отыр. Министр бұл механизмді жеңілдету керектігін тілге тиек етті. Ендігі кезекте лизингтер мен несиенің пайыздық үстемеақысын біршама қысқарту көзделген. 8 жылға жоспарланған жаңа жоба аясында агроөнеркәсіп саласына 3 трлн. теңге жұмсалмақшы. Бұл кешенді шара нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 3 есеге, кіріс 20 есеге артады деп күтілуде. Жиында сөз алған агроқұрылымдар басшылары үлкен демеу болатын жаңашылдықты толықтай қолдайтындарын жеткізді. Премьер-Министр Серік Ахметов жобаны 5 күннің ішінде жетілдіруді тапсырды. Селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Серік Біләлов қаралған мәселе бойынша тиісті ведомство басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Жаңа құс фермасы жобасын кірістіру керек. Бүгінде ол іс “Каз-Агро” АҚ қарауында жатыр. Құс, ірі қара, жылқы шаруашылқтарын дамытуға баса назар аудару керек. Балық шаруашылығын да ұмытпағанымыз жөн. Жобада су жәндіктерін өсіруге де қолдау көрсетіледі. Әсіресе ветеринар мамандар осы төңіректе өз ұсыныстарын жасасын
.

Жеңіс Ермұқанов