Қылмыс

Тараздан телефон шалған алаяқ

 

 

Бірнеше күн бұрын Петропавл қаласының 75 жастағы тұрғыны Софья Шашкованың үйіне біреу телефон шалып, баласының басы бәлеге қалғаны жайлы хабарлаған. Яғни, пәтер иесінің ұлы біреумен төбелесіп, оны соққыға жыққан. Өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған бейтаныс адам мәселені шешу үшін 50000 теңгенің қажет екендігін айтқан.

Софья Шашкова, зейнеткер:
-Мен «Сонша ақшаны қайдан аламын» десем, «балаңыздың үстінен қылмыстық іс қозғалмасын десеңіз, тезірек ақша табыңыз» деді. Менде 50 000 теңге ақша болғанымен, оларға тек 30 000 теңгем ғана бар дедім. Мүмкін көршілеріме барып сұрармын дегенімде, оларға барудың қажеті жоқ, үйіңізде отырыңыз, біз қазір келеміз деді.
 

Бес минуттан кейін шынында да әжейдің пәтеріне белгісіз бір ер адам келіп, қоңырауын басқан. Зейнеткер қағазға оралған ақшаны сол адамға берген. Бірнеше тәуліктен кейін барып баласымен хабарласқан қария ұлының ешқандай қылмыстық оқиғаға тап болмағанын естіген. Керісінше ол күні баласы құрылыс жұмыстарында болған.

Софья Шашкова:
-Бұрыннан осындай оқиғалар болатынын естігенмін. Маған хабарласқанда қатты абыржып, не істеп, не қойғанымды
білмеймін.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларына бірден кірісіп, нәтижесінде ақшаны алып кеткен  курьерді ұстады. Оның қаладағы фирмалардың бірінде такси жүргізушісі екендігі анықталды.

 Такси жүргізушісі:
-Сол күні маған бір адам тапсырыс жасап, біреудің үйіне барып, ақша алып кету керектігін және сол ақшаны оның телефонына жіберу керектігін айтты. Мен барып, ақшаны алып кеттім де, оны терминал арқылы екі номерге жібердім. Істеген жұмысым үшін маған қоңырау шалған адам 5000 теңгесін алуыма рұқсат берді.  

Жедел іздестіру қызметкерлері жүргізген арнайы шаралардың барысында такси жүргізушісіне қоңыраудың Жамбыл облысынан шалынғандығы анықталды. Тәртіп сақшылары Тараз қаласына іссапарға шығып, осы іске қатысты күдіктіні әшкереледі. Оның түзету мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан 45 жастағы ер адам екендігі анықталды.

Ерлан Арынғазинов, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
-Петропавл қаласының аумағында ұялы байланыс қызметі арқылы алаяқтыққа барған Жамбыл облысының тұрғыны екендігі анықталды. Таразда жазасын өтіп жатқан қылмыскер кінәсін айғақтайтын дәлелдерді мойындап отыр.

Белгілі болғандай, күдікті баласы бар зейнеткерлердің біріне түсермін деген оймен кез-келген номерді ойдан тере берген. Бүгінде аталмыш фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктінің басқа да істерге қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері осыған ұқсас оқиғалардан сақ болуды, әсіресе, қарт адамдарға ескертеді.

Әспет Әбдірешова