Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі ұстаздарды құттықтады

 



Мұғалім болу әрдайым қоғамдағы ең маңызды қызметтердің бірі саналған. Алда игі мамандықтың беделін одан әрі арттыру міндеті тұр. Облыс әкімі осы мәселеге ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Білім саласын қаржыландыру басты назарда. Республика бойынша бұл бағытқа 36 млрд теңге бөлінген. Ол былтырғымен салыстырғанда 9 пайызға артық. Соманың дені педагогтардың жалақысын арттыруға бағытталып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім беру саласын жетілдіруге ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Бұл бағытта өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Баршаңызды ұстаздар күнімен құттықтаймын.

Шығармашылық ізденіс, білімге талпыныс және шәкіртке деген ілтипат. Бұл өз ісіне адал ұстазға тән қасиеттер. Жиында осындай мұғалімдерге облыс әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.

Айнагүл Сұрағанова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейі директорының орынбасары:
Ұстаздар қауымына көрсетілетін құрмет қуантады. Біз бұл сенімді ақтауға тырысамыз. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.

Облыс ұстаздары үшін тағы бір тосын сый жасалды. 16 қызметкерге «Сосновый бор» шипажайына жолдама табысталды. Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Андреевка орта мектебінің директоры Клара Мұқажанова 33 жыл бойы қазақ тілі пәнінің ұстазы болған. Бірақ мұндай сыйлықты алғаш иеленуім дейді ол. Сауықтыру орнына қысқы демалыс уақытында бару мүмкін болмақ.

Клара Мұқажанова, Андреевка орта мектебінің директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы
– Мен Ғ.Мүсірепов атындағы Андреевка орта мектебінде қызмет етемін.
Бүгін облыс әкімінен жолдама алғаныма қуаныштымын.

Жиын соңында ұстаздар мен білім саласының ардагерлері үшін мерекелік бағдарлама ұсынылды.

Инеш Шоқақова