Қоғам

Қазанның бірі – Қариялар күні



 

Қарттар күнін даналықтың мерекесі деп айтсақ артық болмас. Облыс әкімі кешегі әріптестері, бүгінгі бай еңбек тәжірибесімен бөлісіп жүрген кеңесшілерін мейрамдарымен құттықтап, игі тілектерін жолдады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Құрметті қауым, сіздерді қарттар күнімен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ардагерлерге үнемі назар аударып қамқорлық көрсетіп келеді. Өңірімізде соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуде көптеген жұмыстар атқарылуда.  

Дәстүр бойынша қарттар мен мүгедектер айлығы қарсаңында қайырымдылық сенбіліктері өтті. Қала абаттанып қалған тазалық шарасынан жиналған бар қаржы енді соғыс және еңбек ардагерлері мен жарымжан жандардың мұқтаждығына жұмсалмақ. Бүгінгі кездесуге жиналған аға буын өкілдері зейнет жасына шыққанымен әлі де қоғамдық шаралардан шет қалған емес. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосатын үлестері молынан. Еліміздегі тың жаңалықтардан, жас ұрпақтың бүгінгі толағай табыстарынан құлағдар болып жүреді.

 Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері:
– Жиналғандардың әрқайсысы жеке тұлға. Отанымызға әлі де сіңіріп жүрген еңбектері өте жоғары. Облыста қаншама өзгерістер орын алып, реформалар шығып жатыр. Соған қатысып біз басқаларға үлгі болуымыз керек.

Жиында бейнеттің зейнетін көріп отырған қариялар өздерін толғандырып жүрген мәселелері мен бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды. Бүгінде зейнеткерлерді немерелерін кемел білім, саналы тәрбие, салауатты өмір салтына баулу жағы алаңдатады екен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Біздің облыста спорттық кешен жоқ. Биыл 200 млн. теңгедей игерілетін құрылыс жоспары бар. Келесі жылы
дарынды балаларға арналған зияткерлік мектеп қолданысқа беріледі. Биыл Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында жаңа мектеп есігін ашты. Енді Жамбыл ауданындағы Айтуар елді мекенінде 90 орындық білім мекемесі салынып жатыр. Білімді ұрпақ тәрбиелеу қашанда басты мақсатымыздың бірі.  

Өңір басшысы құрметті демалыстағылардың өзге де әлеуметтік сауалдарына жауап берді. Қарттарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың сарқылмайтынын айтты.

Жеңіс Ермұқанов