Мәдениет

«Қыз Жібектің» 7-ші қойылымы

 

 

Қанша рет сахналанса да, «Қыз Жібек» спектаклін көруге халық әрқашан асық. Бұл жолы да театрға жиналғандардың қатары қалың болды.  Ғашықтық лиро-эпостық жырдың негізгі кейіпкерлері Төлеген мен Жібек – бірін -бірі шын сүйген ғашықтар екені көпшілікке белгілі. Ондағы сұлулық пен әсемдіктің символы, қазақ халқының мақтанышы мен рухани ескерткішіне айналған Жібек бейнесін орындау театр әртісі Самал Тәшімоваға бұйырыпты.

Самал Тәшімова, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:
Әр рольдің өз қиыншылығы да, қызығы да болады. Музыкалық жағынан маған әрине жеңілдеу болды. Өйткені, мен Алматыда музыкалық драма театрының әртісі мамандығын бітіргенмін. Сондықтан бұл маған бір үлкен мүмкіншілік болды. Және үлкен жауапкершілікпен қарайтын роль болды.

Ғ. Мүсіреповтің қаламынан туған «Қыз Жібек» музыкалық драмасын тамашалауға жазушының туған т-уыстары да келді.

Әмір Мүсірепов, Ғ.Мүсіреповтің немере інісі:
«Қыз Жібекті» ағамыз 36-шы жылдары жазған болуы керек. Ерте кезде. 69-шы жылы «Қыз Жібектің опера театрында 1000-шы спектаклі болды. Сонда ол кісі сөз сөйледі. Онда спектакль опералық жанрда, бүгін драмалық жанрда өте жақсы өтіп жатыр.  

«Қыз Жібек» спектаклі жергілікті театрда алғаш рет үстіміздегі жылдың сәуір айында сахналанды. Содан бері жергілікті көрерменнің сүйікті қойылымына айналған.

Қуандық Қасымов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
Биылғы жылы Ғ.Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойын атап жатырмыз. Жалпы оған деген дайындықты өткен жылдан бастағанбыз. Бүгін міне жетінші рет сахналап жатырмыз.

Театр ұжымы спектакльді қазан айының 4-і Қостанайда өтетін театр фестиваліне алып бармақ.

Әспет Әбдірешова