Қоғам

Ғабит Мүсіреповтің туған жерінде академик-жазушының мерейтойы атап өтілді


Өңір басшысы бастаған топ ең алдымен Ұлпан мазарына соғып, аруағына құран бағыштады. Кейін меймандар Жаңажол ауылындағы Ғабит Мүсірепов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімі Серік Біләлов мәдениет үйінде болып, кітапханадағы жерлес жазушыға арналған экспозиция залын аралады. Мұнда жиылған жұрттың назарына қаламгердің өмірінен сыр шертетін фотосуреттер мен жазушының қолданған заттары ұсынылды. Қазақ әдебиеті классигінің басты құралы баспа машинасы да бар екен. Бірқатар жәдігерлерді мәдениет ошағына Ғабит Мүсіреповтің келіні Бикен Сералина сыйға тартыпты. Бұл жолы да ақ жаулықты ана құр қол келмеген. Ұлы тұлғаның шежіресін жасап, мұражайға тарту етті. 
 
 Бикен Сералина, Ғабит Мүсіреповтің келіні:
3 жасқа дейінгі балаға дейін жазылған мұнда, ұрпағы Мүсірептен тараған. 50-ден аса үйдегі кітапханадан кітаптар әкелдім. Оның ішінде қазақ, орыс классиктерінің шығармалары.  

Өңір жетекшісі кітапханадағы көрмені де тамашалады. Сондай-ақ 7 сынып оқушысы Барысбек Бексұлтанның жерлес жазушыға арнап шығарған өлеңін тыңдады. Мерекенің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы жиылғандарды Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдығымен құттықтап, жазушының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны ерекше екендігін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетінде М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин сияқты атақты жазушылармен қатар лайықты орын алады. Ақын О.Сүлейменов “Олар – қазақ кеңес әдебиетіндегі нағыз жемісті ұрпақ, біздің ұстаздарымыз, әсіресе, Ғабит Мүсіреповтың орны ерекше”,
деп әділ баға берді.

Салтанатты жиында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов Ғ.Мүсіреповке арнап той үстінде шығарған өлеңін оқып, жылы лебіз білдірді.

Кәкімбек Салықов, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, сазгер:
-Ғабеңнің 100 жылдығында болдық. Тамаша болды, енді 10 жылдан кейін келдік, көзге түскен көптеген жаңалықтар бар екен. Бірінші Жаңажолда көрдік Ұлпан анамызға тамаша ескерткіш орнатылған екен. Бұл Ғабеңнің үлкен арманы ғой. Ұлпанды жазып, жер жүзіне көрсетті. «Ұлпан» шығармасы барлық шығармаларының ішіндегі ең бір жарқын жұлдызы еді.

Дүбірлі тойға келген қаламгердің туған-туыстары жазушының кіндік қаны тамған жері Жаңажолда осындай үлкен той жасап жатқандығына ризашылығын білдіруде.

Әмір Мүсірепов, Ғ.Мүсіреповтың немере інісі:
Әкемізді сыйлап, осындай үлкен той жасап жатқан СҚО әкімі Серік мырзаға үлкен алғысымызды айтамыз. Осындай той бола берсін. Бақыттарың өсіп, осы облысымыз ҚР-да алдыңғы қатарда жүре берсін! Рахметімізді айтамыз басымызды иіп.

Жиылған қауым бұлбұлдай сайраған әншілеріміздің әндерін ғана емес, сонымен бірге суырыпсалған әр сөзі тілінен ұйқасып туатын айтыскерлердің өнерін тамашалады. Облыс спортшылары да тойда белсенділік танытып, түрлі сындарға қатысты. Жергілікті палуандар боз кілемде бақ сынасып, өзара мықтыларын анықтады. Жалпы тойға келген әрбір мейман өзінің жанына жақын көңіл көтерерлік іс тапты.

 Досбол Махмұтов, Ғабит Мүсіреповтің немере інісі:
-110 жылдық той болып жатыр.
Мен соған ризамын. Бүкіл облыс аумағында той болып жатыр. Соған ризамын.

Дүбірлі тойда қазақтың ұлттық ойындары да ұйымдастырылды. Жастар «Қыз қуу», «Теңге алу» сындарында мүмкіндіктерін көрсетті. Ал шабандоздар 21 шақырымдық аламан бәйгеге қатысты. Жарыста Ақмола облысының өкілі Айдар Есімов мінген сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлдеге ие болды. Шабандозға автокөліктің кілтін өңір басшысы Серік Біләлов табыс етті. Ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдығын тойлауға келген бұқара көтеріңкі көңіл күймен тарқасты

Айдана Демесінова