Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл зауыттарында машинажасаушылар күні атап өтілді

Бүгін өндірістік цехта станок дыбысының орнына салтанатты әуен естілуде. Өйткені М.Киров атындағы зауытта алғаш рет машинажасаушылар күні кең ауқымда аталып өтпек. 700-ге жуық жұмысшысы бар кәсіпорын биыл 7 млрд теңгенің өнімін шығаруға бел буған. Негізінен темір жол, мұнай және қорғаныс саласына арналған құрылғылар жасалмақ. 

Әділғазы Бергенов, «Қазақстан-Инжиниринг» ҰК» АҚ директорлары кеңесінің төрағасы:
-Өңірлеріңізде «Қазақстан-Инжиниринг» ҰК-на енген 4 зауыт бар. Оның жұмысшыларының 50 пайызы акционерлік қоғамымыздың жұмысшылары.

Талай жылын станок жанында өткізген қызметкерлер «Құрметті машинажасаушы» төсбелгілерімен марапатталды. Алғыс хаттар мен грамоталар да өз иелерін тапты. Қызметкерлер 1 ай бойы мерекелік көңіл-күйге бөленген.

Қайырбек Құсайынов, ҚР машина жасау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:
Бұл күнге 1 ай бұрын дайындық бастадық. Түрлі жарыстардың жеңімпаздары Астанаға барып келді.

Кәсіби мерекеге «Петропавл ауыр машина жасау зауытындағылар» да барынша дайындалыпты. Жаңа, кең залға барша қызметкерлер мен кәсіпорын ардагерлері жиылды. Зауыт өткен жылы 2,7 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биылғы 9 айдың өзінде орындалған тапсырыс көлемі одан асып түскен. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор дейді зауыттың бас директоры.

Қуаныш Бишімов, «Петропавл ауыр машина жасау зауытының» бас директоры:
Машина жасау саласының оң көрсеткіштері мемлекеттің дамуын аңғартады. Біздің зауытымыз жарты ғасыр бойы сапалы өнім шығаруда. Жылдан-жылға өндіріс көлемі ұлғайып келеді.

Михаил Дмитриченконың кәсіпорынға келгеніне 40 жылға таяп қалыпты. Сондықтан оның ең жоғарғы марапаттардың бірі – «Құрметті машинажасаушы» төсбелгісіне ие болуы тегін емес. Оның жұбайы да өзімен бірге қырнаушы болып еңбектенеді екен.

Михаил Дмитриченко, «Петропавл ауыр машина жасау зауытының» токарі:
Негізінен мұнай өңдеу саласына арналған түрлі бөлшектерді жасаймыз. Қиын кездер де болды. Қазір жұмысшыларға барлық жағдай жасалуда. Жалақы да жаман емес.

Еліміздегі машина жасау саласында 60-тан астам кәсіподақ бар. Оның құрамына 8000-ға жуық қызметкер енген.

Инеш Шоқақова