Қоғам

Облыс әкімі Серік Біләлов христиан дінбасыларымен кездесті

Бүгінде облыста 118 діни бірлестік жұмыс істесе, орыс православтық шіркеуіне қарасты 47 қауым бар. Соңғы жылдары 5 жаңа шіркеу діндарларға есігін айқара ашты. Петропавлда мұсылман қауымының Қызылжар орталық мешіті мен христиандар құлшылық ететін Құдай үйі бір күнде ашылған болатын.  Өңірге Әулие Спиридон Тримифунтский сүйегінің жеткізілуі облыстағы діни жағдайдың тұрақтылығы мен конфессияаралық түсіністікті тағы бір дәлелдегендей.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

– Православтық шіркеудің қоғамдағы адамгершілік пен рухани құндылықтарды сақтап, нығайту бағытында жүргізіп жатқан жұмысын аса жоғары бағалаймыз. Әулие Спиридон сүйегінің жеткізілуі адамдарға жақсылық, шаттық ұялатып, бейбітшілік пен амандық дарытатынына сенімдімін.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр өз кезегінде осындай шаралардың елдегі жарасқан бірлікті одан әрі нығайтуда маңызы зор екенін айтты.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр:
 – Мұндай қасиеттінің келуі – аса маңызды рухани оқиға. Біз бұған дейін Қазақстанның бірнеше қаласын араладық. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында әулие Спиридон Тримифунтскийге 100 мыңнан аса адам тағзым етуге келді. Тек православтықтар ғана емес, сондай-ақ, өзге дін өкілдері де қасиетті сүйекке қолын тигізді. Бұл халықтың жанына сергектік пен мейірімділік сыйлайды.

Кездесу барысында екі жақ өзара сыйлықтармен алмасып, естелік суретке түсті.

Данаш Хамзина