Мәдениет

Мәдениет саласының озаттары марапатталды



 

Атам қазақ “Өнерлінің өрісі кең” деп біліп айтса керек. Шұрайлы өңіріміздің мәдениет майталмандары қашан да қоғаммен біте қайнасып, ұлттық тәрбие мектебін қалыптастырып келеді. Өнер сүйер қауымды рухани азықтандырып, өзіне еріксіз еліте біледі. Өйткені тарихы құндылықтар мен халықтың әдеби мұрасын насихаттаушысы, сақшысы осы жандар.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Құрметті мәдениет қайраткерлері, сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  мәдениет пен өнер саласын дамыту мәселесіне баса назар аударуда. Сондықтан көрсетіліп жатқан қолдау жылдан-жылға нығайып келеді. Жыл сайын кітап қоры толығып тұрады. Өңіріміздің рухани дамуына үлес қосқан өнер иелеріне құрмет көрсету біз үшін игілікке айналған дәстүр.   

Өңірімізде   мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға биыл ғана 2 млрд. теңгеден артық қаржы қарастырылыпты. Кәсіби мерекелері қарсаңында жауапты қызметтерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған шеберлердің еңбегі ерекше бағаланды. Өңірдің рухани дамуына сүбелі үлес қосқандары облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Жалпы үстіміздегі жылы 9 мәдени нысанды күрделі жөндеуге 165 млн теңге бөлінген. Ақжар ауданындағы 31 мәдениет ошағының биыл 2-уі жаңартылған.

Мағжан Жүсіпбеков, Ақжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Елбасының айқындаған бағыттарының бірі – мәдениет саласын дамыту. Ауылды жерлерге көп көңіл бөлінеді. Біздің Ақжар ауданында биыл екі мәдени нысан 20 және 17 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Істеп жүргеніме 20 жыл болды. Марапатқа ие болдым. Әріптестерімді құттықтаймын.  

Өңір жетекшісінің алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Бұл саланың ардагерлері де ұмыт қалмады. Атаулы күні еңбегі елеусіз қалмаған мәдениет саласының тағы бірқатар өкілдеріне Серік Біләлов сыйақы тарту етті.

Жеңіс Ермұқанов