ТЖ

Ауылдарда өрт сөндіру техникасы жеткіліксіз

 

 

Бүгінде облыста 27 өрт сөндіру бөлімі жасақталған. Мамандар бұл өңірдегі барлық елді мекендерді оттан қорғау үшін аздық етеді дейді. Мысалы, кейбір аудандарда халық көп шоғырланған жерлерде мұндай бөлімдер мүлдем жоқтың қасы. Яғни, ауылдық аймақтардың 80 пайызы өртке қарсы қорғаныспен қамтылмаған. Елді мекенге ең жақын өрт сөндіру пунктіне дейінгі ара қашықтық 50 шақырымнан кем емес. Сәйкесінше, ауылдарда шыққан өртті жылдам әрі дер кезінде ауыздықтау әзірге мүмкін болмай отыр.

Әсет Исмағұлов,СҚО ТЖД бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі:

– Соңғы 5 жылда ауылдарда не бары 497 ерікті өртке қарсы құрылымдар жасақталған. Ұйымдардың құрамына 2 мың 466 адам енген. Олардың қарамағында 157 өрт сөндіру көлігі мен 1 мың 017 арнайы техника бар.

Ауылдықтырдың қала тұрғындарына қарағанда өрттен зардап шегуі басымырақ. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер елді мекендерде тілсіз жаудың алдын алу шараларын ойластыруға жергілікті атқарушы билік көмегін көрсетсе деген бұйымтайларын айтып отыр.

Александр Чжен, облыс әкімінің орынбасары:

– Жергілікті билік өкілдері бұл саланың мамандары емес. Олар жұмысты ұйымдастыру жағынан хабарсыз. Сол себепті бірлескен шараларды қарастыру қажет. Кеңес өткізіп, нақты елді мекен бойынша ұсыныстар жасалғаны дұрыс.

Облыстағы ұсақ, кіші-гірім ауылдардың бәрінде бірдей арнайы бөлімдер құру – мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі үшін ысырапты іс. Сондықтан жиында тілсіз жаумен күресуде екі жақтың келісіп жұмыс істеу жолдары талқыға түсті.

Данаш Хамзина