Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ведомствоаралық комиссияның отырысы

 

 

 

Отырыста алдымен мемлекеттік қызметшілердің жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеп, қарау тәртібінің сақталуы талқыға салынды. Үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айында өңір тұрғындарынан 7,5 мыңнан артық шағым мен ұсыныс түсіпті. Тексеріс барысында өтініштерді қарауда 369 заңбұзушылықтың жіберілгені анықталып отыр.

Асан Маткәрімов,  
– Бұл жоспарға сай жүргізілген 48 тексерістің қорытындысы. Олқылықтың орнын толтыру үшін 80-ге тарта ескерту жасалды. Оны елемеген бір лауазымды тұлғаның жемқорлық фактісіне қатыстығы дәлелденсе,11 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов пен Тимирязев аудандарында өтініштердің көбі мерзімінен кешіктіріліп қаралады екен. Көп жағдайда тұрғындарды қабылдау жүргізілгенімен, олардың мәселелері орталық базаға тіркелмейді екен. Алдағы уақытта бұны болдырмау үшін әр мемлекеттік мекемеде “Айқын бағдарлама” енгізу жоспарланып отыр. Ол арқылы кез-келген тұрғын өзінің сұрауы қалай шешіліп жатқанын бақылау мүмкіндігіне ие болмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Атқарушы билік өкілдерімен семинар-кеңестер өткізу керек. Шынымен де көп жағдайда атқарылған істі тіркеу мүмкіндігі болмай жатады. Бұл жүйені орталықтандыру үшін мемлекеттік органдарға ұсыныс жасауды тапсырамын. Жаңа “Айқын жобасы” үрдіске жаңа дем беруі тиіс.  

Ведомствоаралық комиссия жол сақшыларының арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің қамында атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Өткен 8 айда жол полициясының жасақтары 72 заңбұзушылыққа жол берген. 19 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылса, хаттаманы дұрыс толтырмаған 2 инспектор жұмысынан босатылды.

Ақпан Дүкетбаев, СҚО ІІД ЖПБ бастығы:
Жемқорлыққа жол бермес үшін бейнебақылау жүйесі енгізілді. Жылдамдықты асырғандар 6 стационарлық камераға түсіп қалады. Бекеттерде көліктерді бақылаудың автоматты кешені орнатылды. Қызметтік көліктерде дыбыс-бейне қондырғылары қойылды.

Жылдамдықты өлшегіш құрылғыларынан алынған мәліметтерге сәйкес жүргізушілерге 120 млн теңгенің айыппұлы салынған. Алдағы уақытта қала бойынша тағы үш арнайы камера орнату жоспарланып отыр. Өңір жетекшісін мемлекеттік аттестаттау барысы да қызықтырды. Сынақтан 4 жол сақшысы сүрінген. Басқарма басшысы маман тапшылығын тілге тиек етті. Бүгінде жол полициясының жеке құрамында 54 орын бос. Сондай-ақ жиында Уәлиханов және Ғ Мүсірепов аудандарының әкімдері жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес шаралары жөнінде есеп берді.

Жеңіс Ермұқанов