Қоғам

Электрондық үкіметтің жас отбасына сыйлығы

 

 

 

Республикамызда тұңғыш рет өткізілген акцияға қатысу үшін отбасын құрғысы келетін жастар некеге тұру туралы өтінішті электронды үкімет порталы арқылы берулері тиіс болатын. Кейін ұтысқа қатысушылардың арасындағы жеңімпаздар лотереяның көмегімен анықталды. Осылайша, «Air Astana» әуе компаниясының бақытты билеттерін петропавлдық жанұя ұтып алды. Раушан және Бақтияр Жәмшитовтар ел көлемінде ұйымдастырылған ерекше акция туралы электронды үкімет порталында некеге тұруға өтініш білдіргенде бір-ақ білген. Тәуекелге бел буып, ұтысқа қатысты. Енді міне жас жұбайлар тосын сыйға ие болды. Бастапқыда талай жастың арасынан тегін әуе сапарын жасау мүмкіндігі бізге бұйырғанына сенген жоқпыз дейді бүгінгі ерлі-зайыптылар.

Бақтияр Жәмшитов:
– Біз электронды үкімет порталын әрдайым қолданамыз. Сондықтан да некеге тұруға өтінішті осы жүйе арқылы берейік деп шештік. Уақытыңды да үнемдейсің және құжаттарыңды жинап анда-мында барудың қажеті жоқ. Технологияның дамыған шағында бұндай мүмкіндікті өз пайдаңа жарату керек.  

Раушан Жәмшитова:
-Ұйымдастырушыларға рахмет айтқымыз келеді. Жеңімпаз атанамыз деп ойлаған жоқпыз. Барлық қазақстандықтарға айтатынымыз электронды жүйені пайдаланыңыздар.  

Ел көлемінде ұйымдастырылған «eGov.kz жүректерді қосады» республикалық акциясына некеге тұруға электронды үкімет порталы арқылы өтініш берген 145 жас отбасы қатысқан.

Виталий Сосновский, «eGov.kz» электронды үкімет порталын оқыту секторы бойынша инспектор:
– Электронды үкімет порталын пайдаланып өтініш берген соң 1414 номеріне тегін қоңырау шалып, өтініште көрсетілген арнайы кодты айту қажет еді. Бұл акцияға еліміздің 8 елді мекені қатысты. Бүгінде жастардың көбі электронды үкімет порталын пайдалана бермейді. Оларға айтарым – қорықпай электронды үкімет порталын барынша іске жаратқан жөн. Бұл ыңғайлы әрі тез.

Акцияға тек бірінші рет некесін қиғалы отырған жастар ғана қатыса алды.

Виталий Сосновский, «eGov.kz» электронды үкімет порталын оқыту секторы бойынша инспектор:
– Баласы бар және екінші рет үйленгісі келетіндер де электронды үкімет порталына өтініштер жазып жатады. Бірақ, заңға сәйкес бұндай қызмет түрі алғаш рет неке қиятын азаматтарға ғана көрсетіледі. Электронды үкімет порталы арқылы бүгінге дейін еліміз бойынша 2000 жұп некеге тұруға өтініш білдірген.  

Сондай-ақ тұрғындар электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін 128 түрлі мемлекеттік қызметке жүгіне алады.

Гүлбану Ахметова