Спорт

Жеңілатлеттер 11 медальмен оралды


 

Қыркүйектің 20- 23-і аралығында Алматыда өткен жарыстан 9 жерлесіміз алқа тағынып оралды. 45 команданың арасында 6-орынға ие болу жаман нәтиже емес дейді жеңіл атлеттердің жаттықтырушысы Олег Кондратьев.

 Олег Кондратьев, диск лақтыру бойынша облыстың аға жаттықтырушы:
– Ел біріншілігі спорт мектептері тәрбиеленушілерінің арасында ұйымдастырылды. Жергілікті команда құрамында өңір намысын 21 адам қорғаған болатын. Жекелей және командалық есепте балалар жақсы нәтиже көрсете алды.

13 жасар Ангелина Музыка бір жылдан бері жеңіл атлетикамен әуестеніп келеді. 200 метрге жүгіруде мәре сызығын алтыншы болып кескен спортшы алдына зор мақсаттар қойып отыр.

 Ангелина Музыка, жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– 200 метрге жүгіруден алғашқы айналымда бірінші болып келдім. Ал қорытынды кезеңде алтыншы, 100 метрге жүгіруде 12-ші орынға тұрақтадым. Алдағы уақытта көп жаттығып, өз көрсеткішімді жақсартқым келеді.

Команда қоржынында барлығы 2 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль бар. Диск лақтыруда 42 метр 5 см-ді бағындырған Никита Воробьев бұл додадан алтын алқамен оралды.

 Никита Воробьев:
Республика чемпионатында диск және балға лақтыру бойынша сынға түстім. Диск лақтыруда бірінші орынға ие болдым. Әрине қарсыластырым мықты болды, жеңіс оңай келген жоқ.  

Қазір спортшылар алда келе жатқан қысқы республикалық чемпионатқа дайындық үстінде.

Әспет Әбдірешова