Қоғам

“Мейірімділік пен түсінушілікке жол ашық”

 

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған фестиваль өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Әрдайым ұйымдастырылатын шараны облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері қалт жіберіп көрген емес. Осы жолы олар өзбек биін дайындап әкеліпті. Интернат тәрбиеленушілерінен құралған “Пульс” ансамблінің биші қыздары жақында өткен “Құс жолы” халықаралық фестивалінен 2 орынды иеленіп қайтты.

Әсемгүл Есенгазина, Облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
– Бізге әр халықтың биін билеген ұнайды.
Осындай фестивальдерде өзімізге достар тауып, олармен жақынырақ танысамыз.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Мейрімділік пен түсінушілікке жол ашық” облыстық фестивалі алғаш рет 1999 жылы ұйымдастырылған. Жыл өткен сайын шараға қатысушылардың саны да көбеюде дейді ұйымдастырушылар.

Наталья Пульникова, облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы:
Бұл фестивальді мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында ұйымдастырып отырғанымыз тегін емес. Олар қоршаған ортадан, қатарластарынан алшақ қалмай, қатарластарына өнерлерін көрсетулері керек. Айта кету керек, былтыр облыстық әлеуметтік мекемелердің 4-уі ғана қатысқан еді. Биыл олардың саны 9.

Әр ауданнан келген жарымжандар өздерінің шебер екендіктерін танытты. Балақайлардың қолдан жасаған бұйымдары көрмеге қойылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Осыдан екі жыл бұрын Айыртау ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сурет шеберханасы ашылыпты. Содан бері Иван Людкевич декоративті қолданбалы бұйым жасаудың қыр-сырын жарымжан балаларға үйретіп келеді. Өзі де ІІ топтағы мүгедек екен.

Иван Людкевич:
Қазір балаларға саз балшықтан, гипстен, қыс кезінде мұздан әр түрлі мүсіндер жасауды үйретіп жүрмін. Біздей жандарға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Сондықтан мен басшылыққа алғысымды жеткізгім келеді.

14-ші облыстық фестивальге 13 аудан және 9 облыстық әлеуметтік мекеме атсалысты. Мерекелік шараға қатысушылардың барлығына диплом және бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Гүлбану Ахметова