Денсаулық сақтау

Иммундық тапшылық синдромының алдын алу шарасы

 

 

Жүре біткен иммундық тапшылық синдромының алдын алу және күрес жөніндегі орталықта азаматтардан жиналған қан үлгілері алдымен иммунды-ферментті анализ жасау зертханасында сараптамадан өтеді. Мұнда қанның сапалы тексерісін қамтамасыз ететін автоматтандырылған қондырғы бар. Тың медициналық жабдық үстіміздегі жылы алыныпты. Оның көмегімен жасалатын іс-әрекеттер мұндағы жұмыс барысын әлдеқайда жеңілдете түскен.

Валентина Устинова, «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық орталығы» ММ фельдшер-зертханашысы:
– Автоматтандырылған аппарат нақты бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ауруға қарсы егілетін сұйық заттың көлемін анықтаудан бастап, түтік шыныға қан тамызу сияқты реагенттік іс-әрекеттерді өзі-ақ жасайды. Бұл зертханалық зерттеу жұмысының сапасын арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Бұл орталыққа келіп түскен қан үлгілері клиникалық және эпидемиологиялық тексерістен өтеді. Ал нақты диагноз қою үшін талдама  республикалық зертханаға жіберіледі. ВИЧ инфекциясының алдын алып, онымен күрес жүргізуде тек заманауи құрылғылардың ғана емес, сонымен қатар мамандардың кәсіби тұрғыда біліктілігіне де назар аударылады.

Дина Кулетаева, «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық орталығы» ММ зертхана меңгерушісі:
– «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында халықтың 10 пайызын ВИЧ инфекциясына тексеру үшін тестілеуден өткізу жөнінде меморандум бекітілген. Үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде тестілеуден 63450 адам өтті. Бұл халықтың 10,9 пайызын құрап отыр. Сапалы қызмет көрсету үшін арнайы кәсіби тұрғыда 5 ай сайын мамандар дайындықтан өтіп, біліктіліктерін арттырып отырады.

Жүре біткен иммундық тапшылық синдромының алдын алу және күрес жөніндегі орталықта міндетті түрде қан беруші донорлар, жүкті әйелдер, нашақорлар мен сотталғандардың қан үлгілері тексерістен өтеді.

Әспет Әбдірешова