Спорт

Футболшылар тең түсті

 

 

Бірінші лига ойындарының аяқталуына 3-ақ тур қалды. Қос қарсылас болса әлі де алғашқы ондықтың көш соңында. Сондықтан әрбіріне жеңіс ауадай қажет. Екі жақ алма-кезек ала допты ұршықтай иіріп қарымта шабуылдарға басты. Қақпа кілтін бірінші болып сырт алаңда қаймықпаған қонақтар ашты.
Ойынның келесі бөлігінде жергілікті аяқ доп шеберлері тізгінді қолдарына алып, есепті теңестіретін сәтті қалт жібермеді. Алайда жанкүйерлердің қуанышы көпке созыла қоймады. Қызылжарлықтардың қорғанысын бұзып өткен Алматының “Қайраты” қақпадан тағы саңлау тауып 2:1 есебімен алға шықты. Үш ұпайды уыстан шығарып алмау үшін қызылжарлық жігіттер қарсыластың айып алаңын торауылдаумен болды. Талпыныстары тек қосымша уақытта жемісін берді. Кездесудің соңғы минутында «Қызылжардың»  шабуылдаушысы Тимур Мөлдинов құрамасын жеңілістен құтқарып қалды. Қорытынды есеп 2:2. Қос қарсылас та діттегеніне жетпей, тек ұпай бөлісіп тарасты. “Қызылжар” ФК қазанның 20-сы күні өз алаңында елорданың “Бәйтерек” құрамасын қабылдайды.

Жеңіс Ермұқанов