Қоғам

Діни бірлестіктер қайта тіркелуде



 

Өткен жылы елімізде “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы жаңа заң қабылданды. Ол діни бірлестіктерді тіркеу мәселелерін, дінтану сараптамасын жүргізу негіздері мен тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіруге бағытталған. Осы өзгерістерге сәйкес елдегі діни бірлестіктер қазанның жиырма бесіне дейін қайта тіркеуден өтулері тиіс. Біздің облыста қазіргі таңда 73 діни бірлестік бар. Осы күні 40 ұйым құжаттарын әділет органдарына тапсырыпты.

Ерік Есентаев, СҚО әділет департаментінің бөлім бастығы:
-16 бірлестік құжаттарын тапсыруы тиіс. 17 бірлестік құжаттар тапсырмайды. Себебі оларда бастамашы топ мүшелерінің саны жеткіліксіз. Олар филиал ретінде тіркеледі.

Діни бірлестік жетекшілері қайта тіркеуден өтуге асығуы тиіс. Әйтпегенде олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Азамат Құсайынов, СҚО ІІД экстремизммен күрес жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы:
– Діни бірлестіктер жетекшілерін ескерткіміз келеді. Қазанның жиырма бесіне дейін қайта тіркеуден өтпеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл көлемі – елуден екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін.

Айту керек, негізгі жаңалық діни бірлестіктің мәртебесін анықтау болып отыр. Сөйтіп, жергілікті бірлестікті кемінде 50 адам құра алады. Ал өңірлік ұйымды құруға кем дегенде 500, республикалық бірлестікке – 5000 азамат ниет танытуы керек.

Айымгүл Әбілева