Қоғам

Қоқыс басып, қаңғыбастар мекеніне айналған аула

 

 

 

Үйдің ауласындағы арнайы темір жәшіктер қоқысқа лық толы. Тұрмыстық қалдықтар арнайы орынның маңында да шашылып жатыр. Ол жетпегендей бұл жерді қаңғыбастар мекен етіп алған. Қарны ашса, тамағын дәл осы қоқыс жәшігінен табады. Жұмыс істегісі келмейтін, тұрақты мекен-жайлары жоқ кезбелер темір-терсек жинап ақша табады. Қаланың дәл орталығындағы ауланың жай-күйі осы.Көше кезген Александр өзі сияқтылармен мұнда таң атқаннан кеш батқанша жүреді екен. Тепсе темір үзетін 33 жастағы азамат жұмыс істеу дегенді мүлдем білмейтін көрінеді.

Александр, қаңғыбас:
Мен бұл жерде жай демалып отырмын. Арақ ішемін. Темір-терсек жинап, тапқанымызды анау тұрған дүңгіршікке апарып тапсырамын. Нәпақаны солай табамыз. Кейде 300-400-500-теңгеге дейін аламын. Өзім сияқты мұнда тағы екі досым бар. Басқаларын танымаймын.

Шоқан Уәлиханов көшесі 2-4-6 мекенжайларында тұратын қалалықтардың айтуы бойынша бұл көрініс жыл сайын қайталанып тұрады. Мына темір-терсек қабылдайтын дүкен ашылғалы көше қаңғыбастары осы жерден шықпайтын болған.  Бұл дүңгіршік дәл автотұрақтың қасында орналасқан. Қожайынымен тілдеспекші болып бұл жерге бас сұқтық. Бірақ Әнуар есімді жас жігіт басшысының мұнда жоқ екенін айтып, дүкеннің ішіне кіріп кетті. Дей тұрғанмен азамат темірді қабылдайтындықтарын және келісіне 20 теңге төлейтіндерін жасырмады. Ал тұрғындар   дүңгіршектегілер арақ та сатады дейді.

Любовь Болобан, тұрғын:
Дәл мына жерден жақында арақ ішіп көз жұмған қаңғыбастың денесі табылды. Маңайы қандай екенін көріп тұрсыздар. Бұл жерге дүңгіршектің иесі Алик жауап береді. Біз оған маңайды жинау керектігін талай рет айттық. Бірақ сөзіміз жерде қалды, баяғы жартас сол жартас.  

Бір кездегі ірі киім жуу орынының бүгінгі бос қалған ғимаратының  есік-терезесі жоқ. Иесіз баспана қаңғыбастар мекеніне айналған. Қаңыраған ғимараттың маңында “Жас дарын” музыкалық мектебі орын теуіпті. Ал мұнда кешкілік маңайды жарықтандыратын шам да жоқ.

 Клара Семыкина, тұрғын:
-Біз әкімдікке арыздандық. Олар бізге тұрақты мекен-жайларыңыз бойынша участкелік бөлімшеге барыңыздар деді. Соңғыларынан да пайда жоқ. Полицейлер мұнда келгенімен, көше кезгендерге тосқауыл бола алмайды.

 Валентина Суворова, тұрғын:
-Бұл жерде жарықтың жоқтығына байланысты балалар түгіл өзіміз де жүруге қорқамыз.Үйдің маңайында отырады. Күндіз түні тыныштық бермейді. Айқайлап, шулай бастайды. Не істерімізді де білмейміз.

Тағы бір мәселе – жаңбыр жауса, аула шағын көлшікке айналады. Ал одан адам түгіл машина да өте алмайтын көрінеді.

Гүлбану Ахметова