Қоғам

Қазанның бірінен облыста қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы басталады



 

Бүгінде облыста 90 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Ал жарымжан адамдардың саны 23,5 мың. Оларға көңіл бөліп, қоғам тарапынан назар аудару өңірде соңғы он жеті жылда игі дәстүрге айналған. Биыл мерекелік шара тағы өткізілмек. Қазанның бірінен қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы басталады. Аға ұрпақ өкілдерін құттықтауға қаржы жинау үшін қыркүйектің 15-нде облыс көлемінде сенбіліктер өткізілген болатын. Тазалық шарасы аясында 150 мыңға жуық адамның біркүндік жалақылары қайырымдылыққа аударылды. 72 жастағы Нина Сычугова қарттарды қолдау айлығы уақытында назарсыз қалып көрмегенін айтады. Зейнеткерді әрдайым өзі өмірінің 40 жылын арнаған облыстық аурухана ұжымы құттықтап, мейірім мен шапағатқа бөлеп отырады.

Нина Сычугова, зейнеткер, қала тұрғыны:

-Маған бұрынғы жұмыс орнымнан қарттар күнімен құттықтау үшін жылда келіп тұрады. Игі тілектерін жолдап, сыйлықтарын бірге ала келеді. Мен үшін ілтипат болса жеткілікті, көңілім жадырап қалады.

Мерекелік іс-шаралардың жоспары ауқымды. Бір ай бойы қарттар мен мүгедектерге арналып мәдениет ошақтарында түрлі шаралар ұйымдастырылса, облыстық мұражайда тегін экскурсиялар жүргізіледі. Сондай-ақ, емханаларда тегін қаралу үшін “Ашық есік күндері” деп аталатын акция бастау алмақ.

Данаш Хамзина