Спорт

Облыс боксшыларының кезекті жеңісі

 

 

Жақында ғана Омбыда бокстан өткен жарыстан жүлделі оралған  балалар кезекті жаттығу үстінде. Халықаралық додаға облысымыздан 9 спортшы барып, оның жетеуі алқа тағынып қайтқан. Ресей боксшысы Сергей Пушкинді еске алу құрметіне өткізілген турнирде жерлестеріміз лайықты өнер көрсетіпті.

 Денис Языков, бокстан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы:
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Балалардың бәрі 2-3 кездесуден өткізді. Олар біз артқан үмітті ақтап шықты деуге болады. Алда өңірлік және республикалық біріншіліктер күтіп тұр. Онда да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

12 жасар Тимур Биннатов 35 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, алтыннан алқа тағынған. Жерлесіміздің боксқа ден қойғанына 5 жыл болыпты.

Тимур Биннатов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– Мен бұл жарыста алдыма тек қана жеңіске жетемін деген мақсат қойдым. Қарсыластарды жеңу оңайға соқпады, дегенмен қолымнан келді. Жарысқа күнделікті дайындалдым.  

Өңірлік командаға екінші алтынды сыйлаған Алдияр Кәкімов турнирде үш кездесу өткізіп, оның бәрінде де айқын басымдық көрсеткен. Қолғап түйістіріп жүрген үш жыл ішінде ол осы сынды ірі сайыстарда жетінші мәрте жеңіске жетіп отыр.

 Алдияр Кәкімов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
-Рингқа үш рет шығып, үшеуінде де жеңіске жеттім. Мен ол турнирде 48 келі салмақта бокстастым. Серік Сәпиев және тағы да басқа әйгілі боксшыларға ұқсағым келеді.

Осылайша, жалпыкомандалық есепте жеткіншектер 2 орынға ие болған.

Әспет Әбдірешова