Ауыл шаруашылығы

Мамлюттік кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау жасалуда

Әділғазы Әуқатов күн батқанша уақытының көп бөлігін Покровка ауылының шетіндегі көлдің басында өткізеді. Су бетінде жүзген, жағасында жайылған қаздың бәрі – осы адамдікі. Ауыл еңбеккері биыл мемлекеттің қолдауымен шетелден асыл тұқымды балапандар  сатып алыпты. Жергілікті ауа райына тез бейімделген қанаттылар екі айдың ішінде үш келіге дейін салмақ қосқан.

Есләм Омаров, жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:
Бүгінде еңбегін аямаған адамға мал ұстау үшін проблема жоқ. 6 проценттік кредит. Кварталына 45 мыңнан төлеймін. Осындай көмек көрсетілгеннен кейін шаруа жақсы болады. Жергілікті бұқалар 180 келі ет берсе, қазақтың ақбастары 45 пайызға жоғары береді.  

Бүгінде ауыл еңбеккерінің төрт түлігі сай. Ірі қарамен қатар бір отар қойы, үйірде жүрген жылқылары бар. Иелігіндегі 250 Га шабындықтан мал азығын жинап алыпты. Төрт түліктің қыстап шығуына қажетті жем-шөпті әзірлейтін ауылшаруашылық техникасы жеткілікті. Ендігі ойы – жылқы шаруашылығын қолға алу.

Есләм Омаров, жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:
Мінсең көлік, сойсаң ет, саусаң қымыз болады. Қазақтың сүйікті жануары ғой. Келешекте осы мақсатқа жетеміз деген ой бар. Тек аянбай еңбектену керек.  

Жалпы жыл басынан Мамлют ауданының 19 тұрғыны “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының қатысушысы атаныпты. Жеке ісін дөңгелетуге ниетті болғандарға 39 млн.теңгенің жеңілдетілген несиесі берілген.

Еркеш Тасбаев, Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
Қолдау көрсетілгендердің көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға бел буды. Ірі қара басын арттырам деген 12 адамға 23 млн теңгенің несиесі рәсімделді. Жер өңдеуге қатысты берілген бір өтініш те қолдау тапты. 5 жеке кәсіпкер қызмет көрсету саласын кеңейтуге қарыз алды.  

Келер жылы жоба аясында аудандағы іскер жандардың көздегенін жүзеге асыруға септесу үшін 50 млн теңге бөлу қарастырылып отыр.

 Әділғазы Әуқатов, жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:
-«Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы аясында 2,2 млн теңгенің несиесін рәсімдедім. Бұл қаржыға Башқұрт елінен қаздың 400 бас балапанын сатып алдым. Өстіп бүгінде құстарымның саны мыңнан асты. “Линда” тұқымдас құстар өте өнімді. Әрбірі кемінде 5 келіден ет береді. Бағу қиын емес. Аптасына 1 тоннадай жем-шөп керек.  

Мамлюттік Есләм Омаров та аталмыш мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінгендердің бірі. Жасаған ұсынысы қолдау тауып, жылдық үстемақысы жеңілдетілген 3 млн теңгенің несиесіне 30 тайынша сатып алды. Өстіп қорадағы ірі қара санын 45-ке жеткізіпті. Мақсат – етті және сүтті бағыттағы зеңгі баба төлдерінің өнімділігін арттыра түсу.

Жеңіс Ермұқанов