ЕС-164/6 түзету мекемесінде бүгін мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. ҚР тілдері күніне орайластырылған мерекелік шараға жазасын өтеушілер жоғары деңгейде дайындалған. Олар елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан түрлі халықтардың ұлттық киімін киіп, олардың дәстүрлерін паш етті.
Жадыра Нұрмұқанова, ЕС-164/6 мекемесінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
-Тілдер фестиваліне сотталғандар көп уақыт дайындалды. Олар өз қолдарымен әр халықтың ұлттық костюмдерін тікті. Қазақ жерінде тұратын әр халықтың ұлттық киімдерін, ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрлерін бүгін көрсетеді. Біз өте ризамыз осындай мерекелер өткеніне. Өйткені олар тілдердің дамуына көмек көрсетеді және біздің қазақ жерінде тұратын көп ұлттар арасындағы бірлікті көрсетеді.
Мерекелік шараның сценариі бойынша жас ханзада өзіне қалыңдық таңдауы керек. Бұл хабар әр елге тарап, жер-жерден келген арулар өз халқының салт-дәстүрін көрсетуге асық. Жиылғандардың назарына ең алдымен қазақ халқының мәдениеті ұсынылды. Әсем әндер айтылып, шашу шалылды. Мерекеге орай шағын көрме де ұйымдастырылып, жұртшылық назарына жазасын өтеп жатқан жандардың салған суреттері, жасаған қолөнер бұйымдары қойылды. Он саусағынан өнері тамған шебердің бірі – Алмагүл Дюсембаева. Мұндай өнер азаматшаға анасынан дарыған екен. Жиылғандарды қазақтың тұрмысымен таныстыруды көздеген ол ұлттық бұйымдарды 1 күннің ішінде жасап үлгеріпті.
Алмагүл Дюсембаева, ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеуші:
-Мынау қоржын. Қоржынды жолға алатын біздің аталарымыз, әкелеріміз. Осы қоржында қымыз да, айран да, нан да болады. Мынау сандық. Бұл сандықта қыз ұзатқанда беретін заттар жиналады. Көрпешелер, жастық.
Концерттік бағдарламадан кейін сотталғандарға мерекелік дастарқан жайылды.
Айдана Демесінова