Қоғам

Петропавлға жұмыс сапарымен Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Киннунен келді



 

Нәзік жандардың жәбір көруі – дүние жүзінде өзекті мәселе. Әсіресе Финляндияда бұл жайтқа баса көңіл бөлінеді екен. Елімізде аталған проблемамен 100 шақты ұйым айналысады деді Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Киннунен. Бүгінде финдер Қазақстанда 5 жобаға қаржылай қолдау танытады. Шетелдіктер облыс орталығындағы жәбір көрген әйелдерге арналған баспананы құруға да атсалысқан.

Микко Киннунен, Финляндияның Қазақстан Республикасындағы елшісі:

– Баспананың жұмысымен таныстық. Бірқатар істер атқарылып қалыпты. Шынында да, мұнда қыз-келіншектерге көмек көрсетілетініне көзіміз жетті. Қазақстанмен алдағы уақытта әріптестік қарым-қатынасты жалғастыра бермекпіз.

Қаладағы алғашқы орталықты ашу үшін Финляндия елшілігі 5 млн теңгеден асатын қаржылай көмек көрсеткен. Жыл басынан бері мұнда 26 әйел пана іздеп келіпті.

Алина Орлова, “Әйелдерді қолдау орталығы” ҚБ төрайымы: – 26 әйелдің 4-уі адам саудасына түссе, қалғаны тұрмыстық жағдайда соққы көрген. Арасында шетелдік ханымдар да бар. Біздің білікті мамандар оларға әлеуметтік, психологиялық және заң жағынан көмек береді.

Әйелдерді қолдау орталығы, сонымен қатар, ауылдан жұмыс іздеп келіп, алып-сатарлардың арбауына түсіп қалған жас қыздарды оқытып, мамандық меңгеруіне жәрдемдеседі.

Данаш Хамзина