Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісінің Есіл ауданына жұмыс сапары



 

 

Ең алдымен облыс әкімі Серік Біләлов Явленка селосында салынып жатқан емхананың құрылысымен танысты. Бұл нысан Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Емдеу мекемесі 200 орынға шақталған. Явленкадағы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Орталық қазандық қысқа толығымен әзір. Мұнда Қостанайда шығарылған жаңа 4 пеш орнатылыпты.Тауағаш ауылына ат басын тіреген өңір басшысы алдымен еңбек ардагері Қалқаман Қазыбековтің үйіне соқты. 46 жыл бойы ауданның гүлденуіне сүбелі үлес қосқан Қалқаман аға Елбасының салиқалы саясатының жемісін көріп отырғанын алға тартты. Есіл ауданының Тауағаш ауылында бүгіндері 80 отбасы түтін түтеп отыр. Тұрмысымыз жаман емес дейді тұрғындар. Таяуда сүт қабылдайтын орталық та қызметін бастамақ. Өңір басшысы жеке кәсіпкердің қаражатына тұрғызылған жаңа нысанның жұмысымен де танысып өтті.
Биыл салынған мектеп те ауылға өзіндік  сән беруде. 90 оқушыға шақталған білім ошағы оқуға қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтылған. Жаңа нысанды аралап, ұстаздармен тілдескен облыс әкімі ендігі кезекте білім сапасын арттыру үшін аянбай еңбек ету керектігін тілге тиек етті. Бұдан соң өңір басшысы ауылдың 80 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, тауағаштықтарды атаулы күнмен құттықтады. Бұл күні Қажығали Нұғымановтың көпжылдық ерен еңбегі тиісті бағасына ие болды. Салтанатты шара барысында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және 76 жасқа толуына байланысты еңбек ардагері облыс әкімі Серік Біләловтың құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты шара барысында бірқатар тұрғындарға облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Тағы бір топ қария Есіл ауданы мен Тауағаш ауылының құрметті азаматтары атағына ие болды.
Жаңа білім ошағына сыйлық ретінде өңір басшысы теледидар мен компьютер табыс етті.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі