Мәдениет

Оралхан Бөкей шығармашылығындағы дәуірлер мен дәстүрлер байланысы


 

“Бір ел – бір кітап” республикалық шарасы елімізде осымен 6 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Алғашқы жылы Абай өлеңдерін жаппай оқыған отандастарымыз, үстіміздегі жылы қазақтың біртуар ұлы, қаламгер Оралхан Бөкейдің туындыларымен танысып, кеңінен оқу мүмкіндігін иеленді.
Гүлбахыт Қанафина бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференцияға “Оралхан Бөкейдің қазақ әдебиетіндегі шығармашылық жолы” тақырыбында баяндама дайындап әкелген. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі жазушының туындыларын сүйіп оқитын көрінеді.

Гүлбахыт Қанафина, №20 орта мектептің мұғалімі:
– Оралхан Бөкеевтің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. Ол әдебиетке өз өрнегімен келген жазушы. Жалпы оқушылар тағлымына тәрбие беретін шығармаларды атап кетуге болады.  

Дәстүрлі шараға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушылары мен студенттері және қалалық мектептердің мұғалімдері жиналды. Лаура Талипова – болашақ ұстаз. Ол бүгінгі конференцияға қатысып, қаламгердің танып үлгермеген өмір белестері мен туындылары жайлы білгісі келетінін айтады.

Лаура Талипова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2 курс студенті:
– Оралхан Бөкеевтің “Үркер” шығармасы бізге жақсы таныс. Қазіргі таңда оның шығармашылығы бізге үлгі өнеге береді. Өзім «Үркер» шығармасын оқығанда басты кейіпкерді үлгі ретінде алдым. Қиыншылыққа мойымау.

Осыған дейін облыс көлемінде “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы аясында Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған әдеби кештер, кітаптар көрмесі, жиындар мен жазушының оқулары өткен болатын. Бүгін осы шараларды қорытындылау мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізіп отырмыз дейді ұйымдастырушылар.

Майра Әшімова, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
– Бүкіл өтіп жатқан щаралар арқылы оқырмандар Оралхан Бөкеев кітабымен танысты. Және біздің мақсатымыз жыл бойы өткізген іс-шаралардың қортындысын жасау. Шара арқылы оқырмандарға насихаттап таныстырдық.  

Осы күні Оралхан Бөкейдің кітаптарын түрлі халықтар оқып, таныса алады. Қаламгердің шығармалары неміс, бұлғар, ағылшын, венгр, араб, қытай және жапон тілдеріне аударылыпты.

Гүлбану Ахметова