Бизнес және экономика

Бизнес жобаларды мемлекеттік қолдау

 

 

 

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауына үміттеніп келгендердің бірі – «Жұмабек» ЖШС директоры Талғат Қошанов. 2002 жылы ашылған кәсіпорын астық сақтау қызметімен айналысады. Ісін дөңгелету мақсатында серіктестік «Банк Центр Кредит» АҚ СҚФ-нан жылдық 11,7 пайыздық мөлшерлемемен несие алған. Жоба қолдауға ие болған жағдайда өндіріс орны банкке жылдық сыйақының 4,7 пайызын ғана төлемек.

 Талғат Қошанов, «Жұмабек» ЖШС директоры:
– 2002 жылы біздің құжат бойынша сыйымдылық 11300 болды. 2009 жылы түрік фирмасымен келісімге отырып, 5 мың тонналық темір қойма алдық. Биыл соны тағы үлкейтеміз деп үкімет тарапынан көмек болып жатқаннан кейін «Банк Центр Кредиттен» несие алып, 106 млн теңгеге тағы 2 силос алдық.  

Өңірлік үйлестіру кеңесіне келген кәсіпкерлердің әрбірі өз ісін кеңейтуді мақсат еткен. Жеке кәсіпкер Виталий Мазеев ағаштан жасалған бұйымдар мен жиһаз шығарады. Тауарын жақсы өткізу үшін көрме залын ашу қажеттілігі туындаған. Оны жүзеге асыру үшін азамат «Цеснабанктен» несие алыпты.

 Айгүл Мұратова, «Цеснабанк» АҚ СҚФ шағын бизнесті несиелеу бөлімінің бастығы:
– Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 16 млн. 707 мың теңге қажет. Кәсіпкер «Цеснабанк» АҚ СҚФ-нан 14 пайыздық үстемеақымен 120 айға 11 млн. 960 мың теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражат көрме залын ашуға бағытталады. 4 млн. 707 мың теңге көлеміндегі өз қаражаты мекемені алуға
және оны жөндеуге жұмсалды. Ал тауарды тасымалдауға қажетті көлік алу үшін 2 млн. 891 мың теңге көлемінде несие берілді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігіне көз жеткізген солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына ие болуға асық. Бүгінге дейін өңіріміздің 64 кәсіпорны жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есе артық. Бағдарлама сәтті жүзеге асып жатқанымен кейде келеңсіздіктер де туындап жатады дейді өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайрат Бекенов.

 Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Өңірлік үйлестіру кеңесіне кәсіпкерлер өздері келуі тиіс. Егер келе алмайтын болса, компанияның өкілі екенін растайтын, нотариус бекіткен сенімхатпен өзге қызметкерді жіберуі шарт. Бұл іске бейжай қарамай, жауапкершілік танытқан дұрыс. Алдағы уақытта мұндай олқылықтар болмасын!  

Бүгінгі өңірлік үйлестіру кеңесінде 8 жоба қаралды.

Айдана Демесінова