Балалар

Ювеналдық сот жұмысының алғашқы қорытындылары

 

 

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үстіміздегі жылдың шілде айынан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында сотқа 23 адамға қатысты жеке айыптау бойынша 13 қылмыстық іс түсіпті. Жазаға ұсынылғандардың 16-сы кәмелет жасына толмаған.

 Елена Максюта, облыстық соттың судьясы:
– 13 қылмыстық істің жетеуі сотта қаралды. Нәтижесінде 4 іс бойынша үкім шығарылып, 3-уі бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы қаулы шығарылды. 3 тұлға, оның ішінде 2 жеткіншек жауапкершілікке тартылды. Ал 6 жасөспірім қылмыстық жаза мен жауапкершіліктен босатылған.

Жазасы жеңілдетілген 4 тұлға ҚР Қылмыстық кодексінің 67-бабы бойынша жәбірленушімен татуласу және келтірілген зиянды өтеуге келіскен. Ал екі жасөспірімге қатысты тәрбиемен ықпал ету бойынша мәжбүрлеу шаралары қолданылыпты. Мәселен, Тайынша ауданында кәмелет жасына толмаған жеткіншек біреудің мүлкіне залал келтіріп, үйін өртеп жіберген. Айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанымен, бір жыл алты ай бойы тұрақты мекен-жайынан ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған және ай сайын арнайы мамандандырылған мемлекеттік мекемеге келіп тіркеуден өтіп тұруы керек.

 Елена Максюта, облыстық соттың судьясы:
– Бұдан өзге, екі жылдан бері кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты шектеу шаралары қолданылады. Яғни, кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін үйінен шығуға, арнайы мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жаққа жол жүруіне тыйым салынған.

Брифинг барысында аудандарда кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қозғалатын азаматтық істердің жиілеп кеткендігі де айтылды. Осы уақыт аралығында өндіріске 75 арыз, 2 азаматтық іс пен 1 материал түскен. Сонымен қатар, шілде айынан сотқа 142 әкімшілік іс түсіп, олардың 49-ы бойынша айыппұл салу түріндегі жаза қолданылды.

Әспет Әбдірешова