Қоғам

Петропавл ботаникалық бағына – 100 жыл


 

Еліміздегі көне кәсіпорындардың бірі саналатын бақтың тарихы тереңде жатыр. Оранжереялық кешеннің негізі Сібір Консерві зауытының аумағында 1912 жылы қаланған. Бастапқыда мұнда лавр мен пияз өсіріліпті.

Равиль Рязапов, «Қызылжар оранжереясы» МКҚК бас агрономы:
– Грециядан лаврды тасымалдау қиын болатын. Оның бағасы алтынмен тең еді. Сонда орыс үкіметі консерві өндіретін зауыт ашуға шешім қабылдайды. Дайын өнім әскердегілерге жіберілетін. Кей мәліметтерде көрсетілгендей, кешенде лаврдың 1 және пияздың 5 мың пұты өсіріліпті.  

Жылыжайдың құрылысына соғыс жылдарынан кейін Хисматулла Гизатулин белсенді араласқан.

Хисматулла Гизатуллин, еңбек ардагері:
– Мен құрылыс цехында жұмыс істедім. Еңбек еткенде мұнда қыстың күндері де жылы болатын. Ал жасыл желектер жайқалып өсіп тұрушы еді.  

Бүгінде Петропавл ботаникалық бағында әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген сирек кездесетін 1000-нан астам өсімдік түрі өсіріледі. Мұның бәрін Равиль Рязапов Африка, Оңтүстік және Орталық Азиядан жеткізген. Ботаникалық бақтың жасыл желегі петропавлдықтар мен қала қонақтарының көзайымына айналды. Оранжереялық кешеннің 100 жылдығына орай өткізілген шараға халық көп жиналды. Осы жылы ботаникалық баққа өз үлесін қосқан Равиль Рязаповтың есімі “Үздік адамдар” халықаралық энциклопедиясына кіргізіліпті. Бүгінде әкесінің ісін Артур Рязапов жалғастырып келеді.

Артур Рязапов,«Қызылжар оранжереясы» МКҚК директоры:
– Мен бұл оранжереяға кішкентайымнан келіп жүрдім. Көбіне әкеміз екеуіміз мереке күндері осында болатынбыз. Менің балалық шағым жасыл желектің арасында өтті. Атам мен әкемнің еңбегі көп сіңді мұнда.

Ботаникалық бақтағылар кешеннің 100 жылдығына орай бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде.

Гүлбану Ахметова