Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ніл Болатбаевтың туғанына 90 жыл толды

 

Қоғам қайраткері, талантты басшы Ніл Болатбаев арамызда болса, осы күндері 90 жасқа толар еді. Бұл атаулы күн бүгінгі жиынға арқау болды. Алдымен  өңір жетекшісі Серік Біләлов Елбасының облысымызға жұмыс сапарының қорытындысына тоқталды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Елбасы облысымызға жоғары бағасын берді. Бұл, әрине, барлық солтүстікқазақстандықтардың еңбегіне берген баға. Сондықтан барлықтарыңызға алғысымды білдіремін. алдағы уақытта да баршамыз бірігіп, мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындайтынымызға сенімдімін.

Жиылғандардың назарына Ніл Болатбаев жайлы   бейнематериал ұсынылды. Ніл Адғамұлы Қарағанды облысының тумасы болғанымен, өмірінің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан өңірінде өтті. Азаматтың өлкеміздің дамуына қосқан үлесі мол. Облысымызда бой көтерген бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар қоғам қайраткерінің бастауымен құрылыпты. Әсіресе, елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлген. Ніл Болатбаевтың арқасында көптеген мәселелер шешімін тапты.  Қайраткердің ерен еңбегін өңір басшысы Серік Біләлов те жоғары бағалап отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ніл Адғамұлының мұрындық болуымен облыс орталығында бірқатар нысандардың іргесі қаланды. Елді мекендерде жолдар жөнделіп, асфальт төселді. Жастардың еңбекке деген сүйіспеншілігін ояту басты
бағыттарының бірі болды. Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да бүгін осыған шақырады.

Облысты өркендтуді алдына мақсат еткен қайраткер Ленин, Октябрь революциясы, 1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Ніл Адғамұлы кеңшарлар мен кәсіпорындар басшыларына үлгі болған екен. Ол кісінің көмегіне жүгініп, кеңесіне құлақ асқандардың бірі – еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов.

Жақсылық Ысқақов, еңбек ардагері, СҚО құрметті азаматы:
-Ніл Адғамұлы «Адамның туғанынан бастап көз жұмғанға дейінгі өмірі сіздердің, кеңес қызметкерлерінің мойнында. Сондықтан оларға қамқор болыңдар» деп ақыл айтқан. Ол кісінің осы кеңесін бүгінге дейін естен шығармай, орындап келдім.  

Ер есімі – ел есінде. 2001 жылы «Васильев көшесі, 63» мекен-жайында қоғам қайраткеріне арнап мемориалдық тақта орнатылды. 6 жылдан кейін облыс орталығындағы көшелердің бірі Ніл Болатбаевтың есімімен аталды. Ніл  Адғамұлының балалары әкесіне көрсетіліп жатқан құрметке разы.

Қадырбек Болатбаев, “Денсаулық” коммерциялық емес жеке меншік мекемесінің директоры, м.ғ.к.:
– Әкемнің осы облыс үшін жасаған істерінің
ұмытылмағаны қуантады. Оның есімімен аталған көше, мемориалдық тақта, ол туралы кітаптың шығуы осының белгісі. Облыс әкіміне, барлық солтүстікқазақстандықтарға деген алғысымыз шексіз. Әкеміздің көпжылдық еңбегін аяқ асты қылмай, тегімізге дақ келтірмес үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз.  

Айдана Демесінова