ТКШ

“ТКШ” бағдарламасын жүзеге асыру барысын «Нұр Отан» қадағалауда



 

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен отырыста “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы сөз болды. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Қанат Баймұхамбетовтың мәлімдеуінше өткен жылы баспаналарды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 395 млн теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 46 нысанның шатыры, жертөлесі, жылыту жүйесі, жедел саты мен подъездері жөнделген. “Петропавл қ. тұрғын үй қызметі” ЖШС аталған жоба аясында былтыр 35 баспананы жаңғыртса, биыл 37-н жөндеуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын директоры Мария Шаймерденова несие алған тұрғындардан қаржы қайтару кезінде қиындық туындайтынын айтып отыр. Өйткені, кейбір азаматтар үйін жөндетіп алып, ақысын бергісі келмейді екен. Ондайлармен мәселе сот арқылы шешілмек.

Мария Шаймерденова, “Петропавл қ. тұрғын үй қызметі” ЖШС директоры:

– Бүгін соттың бірінші отырысы өтті. Азаматтың аты-жөні мен үйдің мекен-жайын атамай-ақ қояйын. Әділдік біздің жақта. Соңында меншік иесіне шығынды төлеу міндеттелмек.

Жүргізілген жөндеу, жаңғырту жұмыстарының сапасы да жіті назарда. Бұл жағын партиялық бақылау комиссиясы үнемі қадағалап отырады.

Сайран Хамзин, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

– Жөндеу жүріп жатқан 16 үйде 13 партиялық бақылау бекеті өз жұмысын бастады. Ал  3 бекет құрылғалы жатыр. Подъездерде бақылау бекетінің жетекшісі мен құрамы туралы ақпарат жазылады. Яғни, тұрғындар құрылыс ісіне қатысты туындаған мәселелерді партия өкілдерімен бірігіп шешеді.

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 815,5 млн теңгеге 57 көппәтерлі баспана жөнделеді.

Данаш Хамзина