Қоғам

Гидрогеолог-ғалым Уфа Ахмедсафиннің ғасырлық мерейтойы

 

 

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Бұл ұлағатты қағида қазақ гидрогеологиясының негізін қалаушы Уфа Ахмедсафин жайында айтылғандай. Көрнекті ғалымның есімі берілген Совет орта мектебінің алдында бүгін Уфа Меңдібайұлының бюсті ашылды. Бұл бекер емес, “Ел есімін ер шығарады” дейді дана қазақ. Тура 100 жыл бұрын осы шұрайлы жерге дарын иесінің кіндік қаны тамған.

Рүстем Елюбаеев, Аққайың ауданының әкімі:
– Бізде білімімен, еңбегімен өшпес із, мұра қалдырған тұлғалар баршылық. Солардың бірі Алаш жұртының абыройын асқақтатқан, Қазақстанды әлемге паш еткен академик Уфа Меңдібайұлы. Оның еңбегіне берілген ең үлкен баға бүгінгі ұрпақтың ықыласы, айрықша құрметі. 100 жылға толуына арналған бюсті қазақ ғылымы, білімі мен ақыл-ойына деген құрмет деп түсінемін.

Жастайынан тұл жетім өскен балалар үйінің тәрбиеленушісі білмегенді тануға құштар болды. Білім қуған жігерлі жас Ташкент политехникалық институтының геологиялық зерттеу факультетіне түскен. Кейін жер қойнауын барлаушы инженер докторлық дисертация қорғап шықты. Жаңадан бой түзеген ескерткіш маңына жиылған қауым ғалымның рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай   салтанатты шараға алыстан туысқандары келді.

Людмила Сұлтанова,Уфа Ахмедсафиннің балдызы, Алматы қаласы:
– Мен оны еліне еңбегі сіңген ғалым ретінде ғана емес, жақындарының қамқоршысы, жолдастарына сенімді серік, адамгершілігі мол ерекше тұлға ретінде білемін. Пианинода ойнап, өзі әуен шығаратын. Қылқаламға да жақын болды. Оның суреттері еліміздің мұражайларына қойылған. Кішкентайымызда көп дүниені үйретті. Өзім Алматы қаласында студенттерге дәріс оқимын. Берген ақыл- кеңестерін әлі де қолданып жүрмін.  

Судың да сұрауы бар екенін жақсы түсінген Уфа Меңдібайұлы  70-тен артық артезияндық бассейнді ашты. Құрметті ғылым қайраткерінің тапқан жерасты сулары бүгінде 35 қаланың тұрғындарын сапалы тіршілік көзімен қамтып келеді.Профессордың еңбегінен 700 млн га шабынды жер нәр алуда. Көптеген шөлейтті аумаққа су бітті. Сондай-ақ атаулы күні “Социалистік Еңбек Ерінің” құрметіне білім ошағының жанынан ғалымның толағай жетістіктерінен сыр шертер мұражай ашылды. 40 жылдық еңбек өтілінде Уфа Ахметсафин 230 ғылыми монография жазып қалдырған. Мұнда өмірбаянынан бастап, еңбектері, жеке заттары қойылған.

Күляра Бейсенова, У. Ахметсафин атындағы Совет орта мектебінің директоры, Аққайың ауданы:

– 1985 жылы мектебімізге ұлы ғалымның есімі берілді. Енді жеке мұражайдың ашылуы мектеп ұжымы мен оқушыларымыз үшін үлкен қуаныш. Жәдігерлерді ұзақ жылдар бойы тырнақтап жинадық. Бізде жас ғалымдардың ғылыми үйірмесі жұмыс істейді. Мұндағы еңбектер шәкірттерімізге қосымша мағлұмат алуда үлкен сеп болады.  

Академиктің есімі берілген мектеп түлектері өткен ҰБТ орташа 93,5 ұпай жинапты. Талапкерлердің барлығы дерлік мемлекеттік грантқа ие болды. Уфа Ахметсафин шәкірт тәрбиелеумен де айналысқан. Өз атындағы Институтты басқарып жүргенде 60-тан артық гидрогеология ғылымдарының докторы мен кандидатын қанат қақтырды. Туған жерінде де танымал жерлесінің ізін басамын деушілер жоқ емес.

Ксения Лысенко,У. Ахметсафин атындағы Совет орта мектебінің оқушысы:
Мен туған Трудовое ауылымның жер асты суларын зерттеуге бел будым. Уфа Ахметсафиннің еңбектеріне сүйеніп, оның ісін жалғастырғым келеді. Себебі біздің округте таза ауыз су мәселесі бар. Осы тақырыпта ғылыми жоба жазып, республикалық кезеңде марапатқа ие болдым.

Бүгін Трудовое ауылының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Жерлес ғалымның туған күніне орай жаңадан тұрғызылған мәдениет үйінің таспасы кесілді. Халық игілігіне берілген рухани азық мекенінің құрылысына аудандық қазынадан 23 млн теңге бөлініпті. Енді мұнда ауыл жастарының шығармашылық, спорттық дарынын ашатын түрлі үйірмелер жүргізілмек. Алғашқы мәдени шара ретінде өнер ошағында Уфа Меңдібайұлының 100 жылдығына арналған “Өз жерінің ұлы” атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Жеңіс Ермұқанов