Қоғам

Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы

 

 

 

Жаңа “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы заңға сәйкес бұдан былай осы бағыттағы әдебиеттердің таратылуы қатаң бақылауға алынбақ. Бұл мәселеге байланысты облыстық әкімдіктің арнайы қаулысы да шыққан. Енді діни мекемелермен қатар аталған әдебиеттерді сату құқығына тек 3 сауда орны ғана ие болып отыр.

 Руслан Әлішев, СҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:
– Діни әдебиеттер Интернационал көшесіндегі «Знание», «Рахмет» сауда үйіндегі «Меломан» бутигінде және «Книги» дүкенінде ғана сатылады деп жоспарланып отыр. Дегенмен бұл тізім кеңейтілуі мүмкін. Ал тыйым салынған жерлерде заңсыз саудамен айналысушылар жауапкершілікке тартылмақ.

Аталмыш сауда орындарының өзіне де әдебиеттер бірден жеткізілмейді. Олар алдымен дін істері жөніндегі агенттікте арнайы сараптамадан өткізілуі тиіс. Бүгіннің өзінде кейбіріндегі аяттардың дұрыс аударылмағаны анықталып отыр.

Сәуле Сүлейменова, СҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің мүшесі:
– Оң қорытынды алған кітаптар Х. Алтай мен Порохова аударған “Құран”, ал сараптамадан Кулеевтың аудармасы өтпеді. Олардың тізімі агенттіктің сайтында бар.  

Қазіргі таңда облысымызда 62 мешіт жұмыс істеуде. Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Қасымхан Исаев шалғай ауылдардағы құлшылық ету ғимараттары да тіркеуден өткізілетінін айтып отыр. Бұл жаңашылдық діни бірлестіктердің мәртебесін анықтауды көздейді.

Қасымхан қажы Исаев, ҚМДБ СҚО бойынша өкіл имамы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
-Жалпы тіркеуге байланысты ҚМДБ-ның төрағалығында қаралған жарғысы, оның ережесі және де оның қазақша, орысша үлгілері, тіркеуге берілетін сенім хаттар және де тіркеуге берілетін шешімі, мешітке қатысты ғимарат, жері осы құжаттар толық болуы шарт.

Діни ұйымдар мен бірлестіктерді тіркеу қазанның 24-не дейін аяқталады.  

Инеш Шоқақова