Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жүк көліктерінің майын ауыстыру пункті ашылды

Бұған дейін жүк көліктерінің иелері қозғалтқыштағы майды өз күштерімен ауыстыратын. Ол үшін қосымша шығын мен уақыт жұмсауға тура келді. Ал мұндай техникалық қызмет көрсету орталығының ең жақын дегені Алматы қаласында орналасқан.

Енді еуропалық стандарттарға сай жарақтандырылған пункт солтүстікқазақстандықтарға кәсіби қызмет етуге әзір. Бұған құны 1 млн 200 мың теңге болатын испандық құрылғы септеспек.

Александр Скоробогатов, «КазРосТрансГруппа» ЖШС бас инженері:
Арнайы сорғыштар арқылы майдың қажетті түрі мына есептегішке жетеді. Яғни қозғалтқышқа немесе басқа да агрегатқа керекті көлемдегі май құйылады. Ескі, жарамсыз май қозғалтқыштан автоматты түрде сорылады.

Игорь Формихин – көлікке қызмет ету саласындағы тәжірибелі маман. Оның «КазРосТрансГруппа» ЖШС-інде қызмет еткеніне 15 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында техникалық қызмет көрсету сапасы өзгерді. Бәрі автоматтандырылуда ,- дейді маман.

Игорь Формихин, «КазРосТрансГруппа» ЖШС жұмысшысы:
Электрондық құрылғының көмегімен көліктің майын 20-30 минутта ауыстыру мүмкін болып отыр. Бұл өте қолайлы. Біз әрдайым сапалы қызмет көрсетуге әзірміз.

Жүк тасымалдауды кәсіп еткен Александр Лопатин аталмыш орталықтың ашылғанына қуанышты. Ол көліктің майын қаладан шықпай ауыстыру өте тиімді деген ойда.

Александр Лопатин, «Петропавловск Тrans AL» ЖШС директоры:
Менің жүк тасымалдаумен айналысқаныма 6 жыл болды. Осындай пункттің ашылуын көптен күттік. Енді орталыққа жиі келетін боламыз.

Орталықтың ашылуына “Kulan OIL” компаниясы серіктестік танытқан. Фирма жүк көліктеріне техникалық қызмет көрсетуге қажетті сапалы материалдар ұсынып отыр.

Мақсат Ертаев, “Kulan OIL” ЖШС аймақтық директоры:
Еліміздің 12 қаласында біздің компанияның филиалдары бар. Біз Mobil сынды майлау материалдары, антифриздар мен аккумуляторларды ұсынамыз. Петропавлдағы филиалымыз 1 жыл бұрын ғана ашылса да, біраз жұмыс атқарылуда.

Осы жерден май сатып алған көлік иесі үшін оны ауыстыру қызметі тегін. Жаңа орталық Панфилов көшесі, 276 мекен-жайы бойынша орналасқан. Мамандар сағат 9-дан кешкі 6- ға дейін қызмет көрсетуге әзір.

Инеш Шоқақова