Қоғам

“Тәуелсіздік тірегі – тіл”

 

 

Заман талабына сай Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілмен бірге орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгергені жөн деп санайды шараға қатысушылар. “Тілдің үштұғырлығы” жобасын мемлекет басшысы да үнемі халықтың есіне салып жүреді. Сондықтан бүгінгі кездесуде оқушылар бірнеше тілде ой толғап, өлеңдерін оқыды.Мемлекетіміздің басты құқықтық тірегі – Конституция. Ата заң ел азаматтарына туған жерінде тұрып, тегін білім алуға, мамандық таңдауға құқық береді. Сондай-ақ, Конституцияда “Республикадағы мемекеттік тіл – қазақ тілі” деп жазылған. Ендеше, елімізде бір шаңырақ астында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеріп, оған әрдайым құрмет көрсеткендері абзал. Республика Президенті басымдық берген үш тілден өзге, Анастасия Гарт бүгінде неміс тілін де қоса үйреніп жүр. Түрлі халықтардың тілдерін білу – сол ұлттың мәдениеті мен тарихын жақынырақ меңгеруге мүмкіндік береді деген ойда оқушы.

Анастасия Гарт, №2 орта мектептің оқушысы:
– Үш тілді меңгере отырып, алдымен білімімізді жетілдіреміз. Бірнеше тіл білген адам шетелде өзін емін-еркін ұстай алады, түрлі мемлекеттердегі қатарластарымен қарым-қатынас жасайды. Мектебімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдері ғана оқытылады. Сондықтан да мен неміс тілін өз еркіммен, қосымша үйреніп жүрмін.   

Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға бұл жолы қалалық №2 орта мектептің оқушылары қатысып отыр.

Сара Сағандықова, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі:
– Елімізде тұрып жатқан жастардың бәрі – мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан да олар қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын біліп, елімізге құрметпен қарауы тиіс. Ұлтжанды азамат қана өз мемлекетін алға жетелейді.

Тілдер апталығы аясында мерекелік шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Гүлбану Ахметова