Денсаулық сақтау

Қатерлі ісік дертінің алдын алу – басым бағыт

 

Онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші Петропавл қаласында облыстағыдан 30-35 пайызға артық. Бұл алаңдарлық мәселе дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс онкологы Ермек Әбдірімов. Сондықтан медициналық мекемелерді заманауи қондырғылармен жабдықтауға назар аудару қажет. Мәселен, «Облыстық онкологиялық диспансер» жаңа эндоскопиялық құрал, УЗИ-аппараты мен рентгенологиялық кешенге мұқтаж.

Ермек Әбдірімов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс онкологы:
– Онкологиялық диспансерге 2014 жылы қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беретін УЗИ-аппараты орнатылмақ. Ол бауыр-бүйрек және өзге де ағза мүшелеріндегі ісіктерді анықтайтын болады. Сондай-ақ мұндай құрылғылар облыстық ауруханаға да берілмек.

Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету, денсаулық сақтау мекемелерінің жарақтандырылуы және тың технологиялардың қолданылуы – қалалық мәслихаттағы тұрғындардың денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің жіті назарында.

Александр Казанцев, тұрғындардың денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы:
– Емханаларда эндоскопиялық құрылғылар мен мамандардың жетіспеушілігін байқадық. Сондай-ақ тұрғындармен салауатты өмір салтын насихаттау, қатерлі ісіктің алдын алу бойынша жұмыс баяу жүргізілуде. Бүгінгі шешім осы бағыттағы жұмысты жандандыруға сеп болады деген ойдамын.

Барлығы сессияда 4 мәселе қаралды. Енді олар толықтай бақылауға алынбақ. Халық қалаулылары ұсынылған жобаларды бірауыздан қолдап отыр.

Инеш Шоқақова