Балалар

Белсенді жастарды іріктеу жобасы

 

 

Кәсібі бардың – нәсібі бар. Мемлекет басшысы соңғы мақаласында халықты еңбек етуге үндеді. Әсіресе ел игілігіне жарар білімді де жігерлі өскелең ұрпақ табыстың қайнар көзін іздеуден тартынбауы керек. Бұған дем беру үшін бүгінде “Жастардың кадрлық резерві” республикалық жобасы қолға алынды.

Әсем Сүйменбаева, “Жас Отан” ЖҚ атқарушы хатшылығының сарапшысы, Астана қаласы:
– Бұл жобаға 29 жасқа дейінгі Қазақстанның жоғарғы оқу ордаларының түлектері мен шетелден оқып келген жастар қатысатын. Биылдан орта кәсіптік білім мекемелерінің түлектері де қатыса алады. Әрі қарай бір өздерінің мансаптарын өсіру үшін, белгілі бір сатылардан көтерілу үшін жастарды ұсынамыз.  

Байқауға өңіріміздің 108 белсендісі қатысуға бел буған. Ұтымды қасиеттерімен ерекшеленемін деп ниет танытқандар өздерінің тың ойларымен бөлісті. Ұлттық жобаның екінші кезеңіне ең тапқыр деген 6 үміткер іріктелді. Алғыр жерлестеріміздің қатарында “Зерде” ғылыми ағартушылық орталығы” ҚБ төрайымы Зарина Ақамбаева бар.

 Зарина Ақамбаева,  «Зерде» ғылыми -ағартушы орталығы» ҚБ төрайымы:
– Жастар қол қусырып отырмай, өздерінің болашағы үшін тырысулары керек. Саяси-қоғамдық үрдістерге бүгіннен араласқанымыз жөн. Өзім балабақшада логопед қызметін атқарамын. Бүгінде мүгедек балалардың мектеп-интернаттары бар. Мен жарымжан бүлдіршіндерге арналған бөбекжай ашқым келеді. Олармен буындары қатаймай тұрып айналыспаса дертінен айығуы қиындап кетеді.

Республикалық кезеңде үздіктерге шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, олар алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды. Ұшқыр бастамалардың жүзеге асуына демеу жасалады. 2009 жылдан бері жобаға 5 мыңға тарта жас қатысыпты. Оның 200-і беделді кәсіпорындарға жұмысқа тұрып, инновациялық жоспарларын сәтті жүзеге асыра білді.

Жеңіс Ермұқанов